menu
Жабу

Кеңес ал!

«Balausa Jewelry»: Шымкенттік отбасылық шеберхана — зергерлік брендке айналуда!

24.04.2025

Кейде қарапайым ғана идея — өміріңді ғана емес, айналаңды да өзгерте алады. Ал егер бұл идея махаббат, сенім, талмай еңбек етумен ұштасса — ол брендке айналады.
«Balausa Jewelry» – дәл сондай оқиға. Бұл — зергерлік бұйымдар жайлы ғана емес, бұл — армандар орындалады деген сенім жайлы хикая. Отбасылық құндылықтар, табандылық және жан-тәнімен істелген еңбек бүгінде мыңдаған қазақстандықтың жүрегін жаулаған брендті дүниеге әкелді.

15 жыл бұрын Мария мен Ілияс небәрі бірнеше эскиз бен үлкен үмітке сүйеніп, шағын бөлмеде алғашқы бұйымдарын жасап бастады. Ал бүгінде олардың авторлығымен жасалған әшекейлерді Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 37 дүкеннен табуға болады. Соның ішінде сән-салтанаттың нышанына айналған флагмандық бутик те бар.

Ілияс — нағыз зергерлік өнерді жүрегімен сезінетін шебер. Ата-бабасынан зергерлік өнер қонған ол төртінші буындағы зергер болғанымен, алғашқыда ата-анасының кеңесімен «ашытқы өндірісі» мамандығын таңдап, оқуға түскен. Бірақ шынайы құштарлық бәрін өзгертіп жіберді. Білімсіз, ұстазсыз, арнайы курстарсыз — Ілияс өз бетімен зергер болуды үйренді. Қарапайым құралдармен жасаған алғашқы бұйымдары оның ішкі әлеуетін дәлелдеді.

Марияның мамандығы заңгер болса да, кәсіпкерлікке деген көзқарасы ерекше болды. Ол бизнесті тек басқарушы емес, жүйе құрастырушы ретінде дамытты. Қаржылық тәртіп, маркетинг, логистика — бәрі Марияның мойнында болды. Ілияс армандаса, Мария оны жүзеге асыруға жол ашты. Осылайша олар бірін-бірі толықтырып, үлкен іске айналған шағын арманды бірге жүзеге асырды.

«Balausa Jewelry»-дің тарихы 2010 жылдан басталады. Ол кезде бұл тек бір бөлмелі шеберхана болатын. Ілияс эскиз сызды, Мария тәртіп орнатты. Біртіндеп бөлме тарлық ете бастады. Тіпті кеңістікті ұлғайту үшін жеке жұмыс орындарынан да бас тартуға тура келді.

Алғашқы бұйымдар күмістен жасалды. Әр әшекей — авторлық идеяның нәтижесі. Уақыт өте келе брендтің бағыты кеңейді. Бүгінде алтыннан жасалған ерекше дизайндар, мінсіз стиль және заманауи көзқарас — Balausa-ның өз қолтаңбасына айналды.

Қазіргі таңда брендтің 37 дүкенінің төртеуі Шымкент қаласында орналасқан. Ал қалған сауда нүктелері — серіктестер арқылы, франшиза жүйесінде жұмыс істейді. Бұл Balausa-ға деген сенімнің, сұраныстың және серіктестік мәдениетінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

2024 жылы компания «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы коммерциялық жылжымайтын мүлік пен заманауи өндірістік жабдық сатып алуға несие алды. Несиенің жылдық мөлшерлемесі — 19,75%, соның ішінде 11,75%-ы «Даму» қоры арқылы субсидияланды. Бұл көмек бизнеске жаңа тыныс беріп, өндірістің ауқымын кеңейтуге және ассортиментті арттыруға үлкен мүмкіндік сыйлады.

Бүгінде еліміздегі зергерлік нарықтың басым бөлігі ресейлік өнімдермен толыққан. Бірақ Мария мен Ілияс бұған келісіп отыра алмайды. Олардың сенімі мынада: «Қазақстандық бренд тек балама ғана емес — ол бәсекеге қабілетті, ұлттық деңгейде мақтаныш бола алады!»

«Balausa Jewelry» — бұл жай ғана бизнес емес. Бұл — арманның, еңбектің, ерлі-зайыптылар арасындағы сенім мен махаббаттың тарихы.

Ал сенің арманың ше? Мүмкін, сенің де идеяң дәл қазір ұлы өзгерістің бастауын күтіп тұрған болар? 

Шымкент қ., Қаратау ауданы, Тассай ш.а., 250А уч.

Телефон: +7 702 225 11 14

Instagram: @balausa.jewellery