Кеңес ал!
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев Францияның жетекші ұлттық даму қаржы институты – Француз даму агенттігінің (AFD) өкілдерімен, оның ішінде қаржы жүйелері жөніндегі сарапшы Катерина Петсетидимен және Қазақстандағы AFD кеңсесінің директоры Гүлнозу Калленспен кездесу өткізді.
Қор басшысы Қор қызметінің негізгі нәтижелерімен таныстырып, «Даму» қолдауымен 27,3 млрд долларға 220 мыңнан астам жоба жүзеге асырылғанын, сондай-ақ осы жылдың сәуір айында ШОБ және ірі бизнеске арнап «Кепілдік қоры» іске қосылғанын атап өтті. Бастама бизнестің қаржыға қол жеткізуін арттырып, мемлекеттің экономикаға араласу үлесін азайтуға бағытталған. Фархат Сәрсекеев AFD өкілдеріне «Кепілдік қорына» қатысуды ұсынды.
Тараптар сондай-ақ Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау саласындағы инвестициялық ынтымақтастық жайын да талқылады. Қазір AFD ШОБ жобаларына қолдау көрсету үшін «Даму» Қорына несие желісін ашуды қарастыруға дайын. Атап айтқанда:
· 1) Әлеуметтік (жастар кәсіпкерлігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау);
· 2) «жасыл» қаржы;
· 3) әйелдер кәсіпкерлігі бағыттары бойынша.
Өз кезегінде, француз даму агенттігінің өкілдері «Даму» Қорымен іскерлік келіссөздерді жалғастыруға қызығушылық білдіріп, өздерінің қаржылық қолдау құралдарын таныстырды.
Кездесу соңында тараптар іскерлік келіссөздерді жалғастыруға және Қазақстанның кәсіпкерлік секторын дамытуға AFD инвестиция салу мүмкіндігін қарастыруға келісті.