menu
Жабу

Кеңес ал!

Идеясын өндіріске айналдырған қызылордалық кәсіпкердің табыс тарихы

Жаңалықтар
06.05.2025

Жансерік Нысанбаев Арал ауданында жиһаз өндірісін ашқан алғашқы кәсіпкерлердің бірі. 2009 жылдан бері ол нарықта өз орнын тауып қана қоймай, бизнес аясын едәуір кеңейте алды.

Мысалы 2014 жылы ол «БЖК-2020» бағдарламасы аясында «Даму» Қорының қолдауымен «Қазақстан Халық Банкінен» жиһаз цехын дамытуға несие ресімдеп, заманауи жабдықтар сатып алып, айналым қаражатын толықтырса, 2017 жылы жаңа бизнес-идея – шыныпластиктен қайық жасау жобасын ұсынып, тағы да қолдау алды.

Арал өңірі халқы үшін балық шаруашылығы – негізгі табыс көзі екенін түсінген кәсіпкер маркетингтік зерттеу жүргізіп, қайыққа сұраныс жоғары екенін анықтады. Бұл өз өндірісін ашуға түрткі болды. Алғашында қайықтар қолмен жасалған, бірақ уақыт өте келе өндіріс жартылай автоматтандырылды. Бүгінде сегіз қызметкер үш күнде бір қайық жасайды. Зауыт бір тоннаға дейін жүк көтеретін төрт түрлі үлгідегі қайық шығарады. Өндірісте, соның ішінде Еуропадан әкелінетін жоғары сапалы шикізат қолданылады. Болашақта өнім көлемін арттырып, модель түрлерін көбейту жоспарда бар. Қайықтар тек Арал өңірінде ғана емес, Қазақстанның басқа да аймақтарына жеткізіледі. Өнімнің басты артықшылықтары – берік, сенімді және пайдалануға ыңғайлы.

Жуырда Жансерік бизнесте тағы бір бағытқа бет бұрып, Арал ауданында алғашқы болып шыны-талшықты шатыр жапқышын өндірісін іске қосты. Бұл – өңір үшін инновациялық жоба. Шикізат Еуропа мен Қытайдан әкелінеді, ал шыны материал – жергілікті шыны зауытынан. Шыны-талшықты жапқыштың артықшылықтары көп: ол темір секілді тот баспайды, деформацияға ұшырамайды, ауа райының құбылмалығына төзімді, қыста жылу, жазда салқын. Бұл материал үй, бастырма және басқа да құрылыс нысандарының шатыры ретінде кеңінен қолданылады.

Бүгінде кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп тұр. Ол бірнеше бағытты – жиһаз өндірісі, кеме жасау және құрылыс материалдарын шығару ісінің басын қосады. Мемлекеттік қолдаудың, жеке ынта мен табандылығының арқасында ол өз идеяларын сәтті жүзеге асырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканы дамытып, өзгелерге үлгі болуда.

Оның кәсіпкерлік жолы – мемлекеттің қолдауы мен кәсіпкердің белсенді ұстанымының арқасында халыққа және өңірге пайда әкелетін тұрақты, көпсалалы бизнес құруға болатынының жарқын мысалы.

Жансерік бірнеше рет мемлекеттен қолдау алды. Бұл – «Даму» Қорының оның сенімді серіктесі екенін және оның жаңа бастамаларын әрі қарай да қолдауға дайын екенін дәлелдейді. Бұл – мемлекет пен жекеменшік кәсіпкер арасындағы тұрақты серіктестіктің айқын көрінісі. 

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Арал қаласы, Қ. Өтенов көшесі, 14-үй

тел: +7 (775) 169-05-77

инст.: @aral_brend; @aral_jihaz