Кеңес ал!
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Талғат СМАҒҰЛОВ Қор жүзеге асырған бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі жайлы айтты.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Қазақстандағы микро-, шағын және орта бизнесті қолдауда шешуші рөл атқарып келеді. Тек 2024 жылы 1,7 трлн теңгеге 29 513 бизнес қаржыландырылды. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 24%-ға көп.
«Салалар бойынша қарар болсақ, өңдеу өнеркәсібі көш бастап тұр, яғни 622 млрд теңгеге несие алған (немесе 36%). Одан кейін 246 млрд теңгемен (14%) – көлік және қоймалау тұрса, 109 млрд теңге несие (7%) – туризм, 109 млрд теңге (6%) – білім беру және 627 млрд теңге (37%) – басқа да салаларға тиесілі», - деді Талғат Смағұлов
Нәтижесінде мемлекеттен қолдау алған осы кәсіпкерлік субъектілері 2024 жылы 25,4 млрд теңгенің өнімін шығарып, 1,7 трлн теңге салық төлеп, 9,7 мың жаңа жұмыс орындарын ашқан.
2023 жылмен салыстырғанда былтыр Қордан қолдау алған жобалар саны 24%-ға, несие сомасы да 9%-ға артқан.
«Даму» Қоры Басқарма төрағасының орынбасары кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа шаралары туралы да айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, сондай-ақ Үкіметтің 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына сәйкес «Даму» Қорының жанынан бизнестің несиеге жылдам әрі оңай қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін «Кепілдік қорлары» құрылды. Кәсіпкер банктен несие аларда кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда олар өз кепілдігін ұсынады.
1-кепілдік қоры құны 7 млрд теңгеге дейінгі шағын және орта бизнестің жобаларын қамтиды.
2-кепілдік қоры несие сомасы 7 млрд теңгеден асатын ірі жобаларға арналған.
«Кепілдік қоры іске қосылған сәттен бастап ШОБ-тың несие сомасы 35,9 млрд теңге болатын 319 жобасына қолдау көрсетті. Оның ішінде 17,9 млрд теңгеге кепілдік берілді», -деді Талғат Смағұлов.
Бірінші кепілдік қоры аясында кепілдік берудің негізгі шарттары:
· кепілдік берілетін жоба аясында қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеден аспайды;
· кепілдіктің максимал мөлшері – жалпы қаржыландыру сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды;
· кепілдік процедуралары жылдамдатылған. Екі жұмыс күні ішінде, «Даму» Қоры тарапынан қосымша бағалау жұмыстарынсыз беріледі.
Осы кезеңде екінші деңгейлі 8 банкпен портфельдік кепілдік беру туралы келісімге қол қойылды. Құралдың тиімділігін банктердің кепілдік беру лимитін ұлғайту үшін кепілдік қорына ерікті түрде жарна құюға дайын екендігі растап отыр.
Екінші кепілдік қоры ірі инвестициялық жобалар үшін мынадай шарттармен кепілдік беретін болады:
· қаржыландыру сомасы – 7 млрд теңгеден жоғары;
· кепілдіктің максимал мөлшері – жоба құнының 30%-ынан бастап;
· кепілдік мерзімі – 15 жылға дейін.
· Кепілдік қайтарымсыз әрі шартсыз берілетіндіктен, бұл құрал қаржы ұйымдары үшін қолайлы болмақ.
Сондай-ақ, «Даму» Қоры биыл 12,6% жеңілдікпен несиелейтін «Өрлеу» атты жаңа бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр.
Жеңілдікпен несиелейтін жаңа бағдарлама аясында кәсіпкер жылына 12,6%-дан аспайтын мөлшерлемемен несие алады. Бағдарлама қаражатының жалпы көлемі 750 млрд теңгені құрайды, оның 300 млрд теңгесін Қор бөледі, ал тағы 450 млрд теңгесін екінші деңгейлі банктер қаржыландырады.
«Өрлеу» бағдарламасы инвестиция, айналым қаражатын толықтыру және қолда бар несиені қайта қаржыландыру үшін жеңіл несие беруді көздейді.
Негізгі шарттар:
· қарыздың максимал сомасы: инвестицияға — 7 млрд теңгеге дейін, 3,5 млрд теңгеге дейін — айналым қаражатын толықтыруға;
· Сыйақы мөлшерлемесі — жылына 12,6%-дан аспайды;
· Мерзімі: инвестицияға 10 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға дейін, артылған сома – қайта қаржыландыруға бөлінеді.
«Өрлеу» бағдарламасы өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, туризм, білім беру, денсаулық сақтау сияқты экономиканың басым секторларына жеңіл несие беру арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды көздейді», - деп атап өтті спикер.
Дегенмен, микро және шағын бизнестің көлемі 200 млн теңгеге дейінгі несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы сақталады. Шарттары: Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен аспайтын несиеге + 4% қамтиды. Оның 40%-ы субсидияланады. Қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме – кемінде 12,3% болады.
«Даму» Қоры қаржылай бағдарламаларды жүзеге асырлып келе жатқан жылдар ішінде несие сомасы 14,2 трлн теңге болатын 226,3 жобаға қолдау көрсеткен.
Қор жүзеге асыратын барлық бағдарламалардың жалпы экономикаға тигізген әсерін қарар болсақ:
· Қолдау алған кәсіпорындар 2010-2024 жылдар ішінде 129,8 трлн теңгенің өнімін шығарды;
· 2010-2024 жылдарда кәсіпорындар 9 трлн тг салық төледі.
· 2010-2024 жылдар ішінде сақталып қалған жұмыс орындары – 1 208 мың. Оның ішінде 2024 жылы ғана 100,0 мың болды;
· 2010-2024 жылдар ішінде 220,3 мың жаңа жұмыс орындары ашылды.