menu
Жабу

Кеңес ал!

Ulttyq ónim-2025 көрмесіне жүздеген өндіруші өз өнімдерін шығарды

Жаңалықтар
15.05.2025

Астанада отандық өндірушілердің жыл сайынғы Ulttyq ónim-2025 VIII көрмесі басталды.

EXPO халықаралық көрме орталығында еліміздің барлық өңірінен қазақстандық тауар өндірушілер жиналды. Онда «Даму» Қорының құралдары аясында мемлекеттен қолдау алған 350 компания өз өнімдерін шығарды. Көрмеге: тамақ, жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау, жабдықтар өндірісі, зергерлік бұйымдар және т. б. түрлі салаларда тауарлар қойылған.

Көрмені ашқан Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кәсіпкерлікті қолдау ұлттық экономика дамуының басым және маңызды факторы екенін атап өтті.

«Ulttyq ónim сегізінші көрмесі – отандық кәсіпкерлікті дамытудың ең жақсы дәлелі. Біздің өндірушілер ел нарығында өз орнын тауып, экспортқа өнім шығарады, шет елдерде танымал брендке айналады. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау тек күшейе түспек. Биыл біз экономиканың нақты секторын жедел дамытуға бағыт алдық. Мемлекет ақпараттық технологиялар, логистика, туризм, тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі сияқты басым салалардағы шағын және орта бизнестің инвестициялық жобаларына ашық тапсырыс жариялады. Бұл бағыттар жан-жақты қолдау алады», - деді Серік Жұманғарин.

2024 жылы ел Үкіметі Ұлттық экономика министрлігінің және «Бәйтерек» холдингінің белсенді қатысуымен субсидиялау және кепілдік беру құралдары арқылы бизнесті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыруға 336 млрд теңге бөлді. 29,5 мың жоба жалпы несие сомасы 1,7 трлн теңгеге мемлекеттен қолдау алды. Оның ішінде жеңілдікпен 254 млрд теңге несие алған 2,7 мың жоба да бар. Бұл шаралар 9,7 мың жұмыс орнын құруға, 25,4 трлн теңге сомасына өнім шығаруға және 1,7 трлн теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде ШОБ секторында жұмыспен қамтылғандар үлесі 2024 жылы халық санының 48%-на жетті, ал елдің ЖІӨ-ге қосқан үлесі шамамен 40% болды.

«Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин экономикалық өсімді ынталандыру, әсіресе экономиканың нақты секторын қолдау мен бизнестің қаржылға қолжетімдігін арттыру мақсатындағы шаралардың маңызын атап өтті.

«Отандық өндірісті қолдау – «Бәйтерек» холдингінің стратегиялық басымдығы. Біз қазақстандық бизнестің ұлттық экономиканың тірегі, инновациялар мен жұмыспен қамту көзі екеніне сенімдіміз. Бұл көрме – қазақстандық өндірушілердің ел дамуындағы басты рөлін мойындау. Біз олардың тұрақты өсуіне және кәсіпкерлік әлеуетін ашуға жағдай жасай отырып, үнемі жанында болуға тырысамыз», - деді Рустам Қарағойшин.

Ulttyq Onim көрмесі – қазақстандық бизнестің жыл сайынғы өсімі мен бәсекеге төтеп бере алатынының көрінісі. Бұл – мемлекеттің қолдауының кәсіпкерлерді жетістікке қалай жетелейтінінің айқын көрінісі. Бұл алаң қазақстандық брендтерді халықаралық аренада насихаттап, елдің сапалы өнім өндіруші ретіндегі оң имиджін қалыптастырудағы маңызды элемент болып отыр.

Көрме аясында отандық кәсіпкерлікті дамыту және осы бағыттағы мемлекеттік қолдаудың рөліне арналған панельдік сессиялар да өтуде. Спикер ретінде мемлекеттік органдардың басшылары, банктердің топ менеджерлері, белгілі бизнесмендер мен халықаралық сарапшылар сөз алады.

«Даму» Қорының Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев 2015 жылдан бері өткізіліп келе жатқан көрме өзін мемлекет, қаржы институттары, кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы диалог пен ынтымақтастық үшін маңызды платформа етіп танытқанын атап өтті.

«Бүгін көрмеде мемлекеттен қолдау алған бизнестің шағын ғана бөлігін ұсынып отырмыз. Қызмет көрсете бастағалы бері «Даму» Қоры берілген несиенің жалпы сомасы 14,1 трлн теңге болатын 225,3 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетті. Соның арқасында 220 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 1,2 млн-нан астам жұмыс орны сақталды, шамамен 130 трлн теңгеге өнім шығарылса, 9 трлн теңге салық түсті. Көрме күндері әрбір келуші Қазақстанда жасалған өнімнің алуандығы мен сапасын көріп, бағалай алатыны біз үшін үлкен мақтаныш. «Ulttyq ónim-2025» көрмесін ұйымдастырып, өткізуге қосқан қомақты үлесі үшін серіктестеріміз бен демеушілерімізге алғыс айтамын», - деді Фархат Сәрсекеев.

Іс-шараға мемлекеттік органдар, ҚР Ұлттық банк өкілдері, кәсіпкерлікті қолдайтын шетелдік ұйымдардың делегациялары, Дүниежүзілік банк, Кореяның ШОБ және стартаптар агенттігі (KOSME), Азия даму банкі, ЕҚДБ, Польшаның Инвестициялар және сауда агенттігі және сияқты халықаралық әріптестердің қазақстандық өкілдері мен дипломатиялық миссия өкілдері де қатысты.

Сонымен қатар, Ulttyq ónim көрмесінің бағдарламасы шеберлік сабақтары, байқаулар және концерттік бағдарламаға бай. Қонақтар «Халық таңдауы» тәуелсіз дәм тату конкурсында үздіктерді анықтап, ұтыс ойынында сыйлықтар ұтып, өндірушілерден сапалы қазақстандық өнімдерді тікелей сатып ала алады.

Көрмеде қойылған тауарлар:

·               машинажасау және жабдықтар: ас үй пештері, жедету құрылғылары, медициналық, су тазалау құрылғылары, трансформаторлар, аккумуляторлар, күн панельдері;

·               ауыл шаруашылығы: дайын жемдер, құрама жемдер, малға беретін ұн, күнжара;

·               интерьер заттары: чемодан, картина, текстиль (төсек жаймалары, орамал, перде т.б);

·               құрылыс материалдары: профнастил, сэндвич-панельдер, металл черепица, лак-бояу заттары, бөлме аралық есіктер;

·               химия өнеркәсібі: антисептиктер, жуғыш және гигиена заттары, эмульсия бояулар, пластмассадан жасалған балалар ойыншықтары;

·               қап пен қорап: картон қораптар мен, гофра, қаптар;

·               зергерлік бұйымдар: алтын, күміс;

·               азық-түлік: ет, ұн, шәй, май, сүт, балық, бал, ұлттық тағамдар (бауырсақ, жент, талқан, балқаймақ, шұбат), табиғи қант алмастырғыштар, глюкоза-фруктоза сироптар;

·               киім мен аяқ киім: ұлттық, спорттық, мектеп формасы, арнайы киім, аяқ киім және т.б.

Жыл сайын көрмеге қызығушылық артып келеді: 2022 жылы келушілер саны 20 мыңнан астам адам болса, 2023 жылы 22 мың болды. Сауда көлемі де артып, 2022 жылғы 70 млн теңгеден 2023 жылы 74,1 млн теңгеге дейін жетті.

Мұнда азық-түлік, химиялық өнімдер, интерьер заттары мен киім-кешекке сұраныс жоғары.

Көрме Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында (Мәңгілік ел 53/1). өтеді. Көрменің жұмыс кестесі: 2025 жылғы 16-18 мамыр күндері 09:00-18:00 аралығында. Кіру - тегін.