Кеңес ал!
Медет Темірханов пен жұбайы Тілектес Ерболқызы – Ақтау қаласындағы «Шұғыла» жекеменшік балабақшасының негізін қалаушылар. Бастапқыда балабақша ашу жоспарда болмаған. Екеуі де мамандығы бойынша өз жұмысымен айналысып жүрді. Алайда 2016 жылы екінші қызы бір жасқа толғанда сапалы әрі сенімді балабақша іздеді. Қаладағы бірнеше жекеменшік мекемелерді аралағанмен, олардың білім беру сапасы мен жағдайы көңілден шықпады. Осы кезде өздері секілді ата-аналар үшін балаларына сапалы білім мен тәрбие беретін балабақша ашу идеясы туды. Сол жылы, 2017 жылдың қыркүйегінде, Ақтау қаласындағы 29-шағын ауданда орналасқан бос тұрған коттеджді жалға алып, оны балабақша ретінде жабдықтауға кірісті. Санитария-эпидемиология талаптарына сай бейімдеу жұмыстарына өз қаражаттарын салып, ғимаратқа өрт сатысын орнатты, бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерін іске қосты, ойын алаңдарын абаттандырып, қажетті құрал-жабдықтармен толықтырды. Сонымен қатар, ғимараттың мәртебесін ресми түрде коммерциялық нысан ретінде өзгертті. Бұл — көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды жұмыстардың бір бөлігі ғана. Бюджеттері шектеулі болғандықтан, бастапқыда тек бір топты ғана ашуға мүмкіндігі болды. Уақыт өте келе алғашқы топтан түскен табыс арқылы екінші топты, кейін үшінші және төртінші топтарды іске қосты. Бұл жолда көптеген қиындықтар кездесіп отырды: білікті мамандардың жетіспеушілігі, жыл сайын жалдау құнының өсуі және тәжірибенің аздығы үлкен сынақ болды. Соған қарамастан, 2019 жылдан бастап балабақша толық қуатта жұмыс істей бастады. Бірақ түскен табыстың көп бөлігі жалға төленіп отырды, ал өздеріне қалған пайда мардымсыз болды. Сондықтан сол табысты жинап, болашақта өздеріне жеке ғимаратты сатып алу туралы нақты жоспар құрды. Бүгінде «Даму» бағдарламасының арқасында тұрақты даму жолына түсті. Қазіргі таңда 12 адамды жұмыспен қамтып, 93 балаға сапалы білім мен тәрбие беріп келеді.
2023 жылы кәсіпкер Ақтау қаласындағы 33-шағын аудан, 7-үй, 7-үй-жай мекенжайында орналасқан, жалпы аумағы 244,3 шаршы метрді құрайтын коммерциялық нысанды сатып алды. Бұл сатып алу «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылды. Несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 21,5%-ды құрады, оның 8%-ын кәсіпкер өзі өтесе, қалған 13,5%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялайды.Адрес: Ақтау қаласы, 33-шағын аудан, 7-үй, 7-үй-жай
Телефон: +7 775 619 9732
Instagram: @Shugyla_balabakshasy7