Кеңес ал!
«Жаканов СК» ЖК – ұн және кебек өндіреді. Шикізатты Ұлытау ауданының шаруа қожалықтарынан сатып алады, ал дайын өнімді өңірдегі нан зауыттары, дүкендер мен базарларына жеткізеді.
Сырым Қасымбекұлы Жақанов 1970 жылы 9 ақпанда Ұлытау ауданына қарасты Амангелді совхозының ауылында дүниеге келген. Әкесі Жақанов Қасымбек 1943 жылдан бастап бас инженер болып жұмыс істесе, ал анасы Досанова Қуанышкүл — экономист болған. Ата-анасы оның бойына адалдық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді сіңіріп, үнемі алға, дамуға ұмтылуды үлгі етті. 1987 жылы мектепті бітіріп, Жамбыл технологиялық институтының Алматыдағы филиалына оқуға түсіп, 1993 жылы «Астық сақтау және өңдеу технологиясы» мамандығы бойынша диплом алды.
Еңбек жолы Жезқазған ұн комбинатында басталып, ол жерде бригадирден шеберге дейін өсті. Ал 2000 жылы Қытайда жасалған шағын диірмен сатып алып, ұн өндіру ісін бастады. Бұл кішігірім де батыл қадам жеке кәсіп ашуға негіз болды.
2006 жылы 200 000 доллар несие алып, Түркиядан «Узинер-мельник» атты 45 тонналық заманауи диірмен кешенін әкеліп, орнатты. 2007 жылдан бастап Жезқазған қаласындағы 5000 шаршы метр аумақта орналасқан бұл кәсіпорын тәулігіне 10–12 тонна астық өңдеуді бастады. Ұн мен кебек өңірге сапалы өнім ретінде танылды.
2023 жылы Ұлытау облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты бидай тапшылығы туындады. Өндірісті тоқтатпау үшін кәсіпкер Көкшетаулық жеткізушілермен келісімшарт жасап, айналым қаражатын толықтыру үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан несие рәсімдеді. Қаржыландыру «Даму» қоры арқылы «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағдарламасы бойынша мақұлданды.
Өкінішке қарай, астық сатып алынуы тиіс болған жеткізушілер алаяқ болып шықты. Несиелік қаражат толықтай олардың иелігіне өтті. Кәсіпкер ұзақ уақыт бойы әділдікке сот арқылы қол жеткізуге тырысты. Бұл жағдай оған қаржылық әрі моральдық тұрғыдан ауыр соққы болды. Дегенмен, Сырым Жақанов берілмеді — ол әділдік үшін күресін жалғастырып, кәсіпорын жұмысын тоқтатпай жалғастырып келеді.
Кәсіпкердің басты мақтанышы — оның отбасы. Жұбайы Жаруллина Бақытжан Байдекешқызымен бірге 1992 жылдан бері бес бала тәрбиелеп отыр. Тұңғыш қызы Перизат — заңгер, ал ұлы Ерболат Малайзияда білім алып, бүгінде отбасылық кәсіпте еңбек етуде. Айнамкөз, Фархат және Айсана есімді кенже балалар мектепте оқуда. Үлкендері кәсіпорын жұмысына белсене араласып, әке жолын жалғастыруда.
Бүгінде кәсіпорын қиындықтарды еңсеріп, жаңа жоспарларды жүзеге асыруда. Макарон өнімдерін өндіретін желі ашу, өңдеу көлемін арттыру және сату нарығын кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар, инвестиция тарту және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Сырым Жақановтың өмір жолы — адал еңбек пен істеген ісіне деген сенім, отбасының қолдауы кез келген сынақты еңсеруге болатынын дәлелдейді. Бұл — туған жерінің әлеуетіне сенетін жастар мен кәсіпкерлерге үлгі боларлық оқиға.
Жезқазған қ., Абай көшесі, 83/1 ғимараты
Байланыс телефоны: +7 705 765 7193