Кеңес ал!
«Даму» Қорының Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Басқосуда Portfolio Risk Sharing (PRS) бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық пен қарыз тарту мүмкіндіктері қаралды.
ЕҚДБ тарапынан іс-шараға Орталық Азия, Кавказ және Түркия бойынша қаржы институттары департаментінің директоры Георгий Орлов, сондай-ақ департамент директорының орынбасары, Қазақстан және Моңғолия бойынша аға банкир және бизнес-көшбасшы Татьяна Те қатысты.
Келіссөздер барысында Фархат Сәрсекеев PRS бағдарламасы мен «Даму» Қоры жанынан жаңа құрылған «Кепілдік қоры» механизмінің ұқсастығын атап өтіп, қазақстандық құралдың басты артықшылығы - қарыз сомасының 85%-на дейін жабу мүмкіндігін атап өтті. Ал PRS бағдарламасы 50%-ға дейін кепілдік береді.
Диалог аясында ЕҚДБ «Даму» Қорына PRS аясында First Loss Risk Cover (FLRC) форматында қатысуды ұсынды. Қор өкілдері осы механизмді егжей-тегжейлі талқылауға және оны бірінші «Кепілдік қорының» жұмыс істеу қағидаттарын ескере отырып пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.
Бұнымен қатар, ЕҚДБ өкілдері шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдікпен несие беруді көздейтін бірлескен жобаларды «Даму» Қорымен бірлесе отырып қаржыландыруға қызығушылық білдірді.
Кездесу соңында тараптар келіссөздерді жалғастырып, ынтымақтастық шарттарын одан әрі пысықтауға уағдаласты.