Кеңес ал!
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Қазақстан Үкіметінің 2025 жылғы 2 маусымдағы қаулысымен Субсидиялау қағидаларының өзгерістері бекітілгенін хабарлайды.
Жаңа қағидалар Мемлекет басшысының нарықтық емес тетіктерден неғұрлым тұрақты шараларға - кепілдік беру мен жеңілдікті кредиттеуге кезең-кезеңімен көшуді қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік қолдау шаралары жүйесін қайта қарау туралы тапсырмасына сәйкес қабылданды.
Негізгі өзгерістер:
• құны 200 млн теңгеден аспайтын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері субсидиялауға жатады;
• субсидиялау мерзімі 3 жылға дейін;
• экономиканың басым салаларындағы жобалар үшін портфельдік субсидиялау тетігі енгізіледі:
1) өңдеу өнеркәсібі;
2) көлік және қоймалау;
3) туризм;
4) білім беру;
5) денсаулық сақтау;
• кредит бойынша ең жоғары мөлшерлеме - Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі +4%. Қарыз алушыға түпкілікті мөлшерлеме 12,3% -дан, ал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін 11,3% -дан;
• субсидия мөлшері - кредиттің жалпы мөлшерлемесінің 40%.
Несиенің максималды сомасын 200 млн теңгеге дейін қысқарту және мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарау нәтижесінде субсидиялауға бюджет қаражаты шығынын 40% -ға дейін қысқарту күтілуде.
2020 жылдан бастап субсидияланатын жобалардың көлемі пандемия жағдайында ШОБ-ті қолдаудың дағдарысқа қарсы шаралары шеңберінде айтарлықтай ұлғайды - осы кезеңде бизнестің 103 мың жобасына қолдау көрсетілді.