menu
Жабу

Кеңес ал!

Kaliya Style: қамқорлықпен тігілген

27.06.2025

Тұлғабаева Қалия Нұрбергенқызы — көпбалалы ана, жасы 31-де. Үлкен отбасы бола тұра, ол әрдайым балаларын ерекше, сәнді киіндіргісі келетін. Осы жеке тілегі мен сүйіспеншілігі оны балалар киімінің бренді — «Kaliya Style»-ды құруға шабыттандырды. Кәсіпкерлік жолын бастамас бұрын Қалия ханымның бизнес саласында 5 жылдық, ал тігін ісінде 2 жылдық тәжірибесі болған. Өзінің швей цехын ол ресми түрде 2022 жылдың басында іске қосқан.

Бәрі қарапайым тұрмыстық тігін машинасынан басталды. Күндіз күнкөріс қамымен айналысса, түнде сүйікті ісі — тігінмен шұғылданған. Алғашқы киім үлгілерін өзі және балалары үшін тіккен. Кейін сапаны байқаған таныстары тапсырыс бере бастайды. Алғашқы клиенттер «ауыздан ауызға» тараған пікірлер және Instagram желісі арқылы келді. Бастапқыда құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі қиындық тудырған, сол себепті өз шеберханасын ашу арманына айналды. Бұл арман «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба» аясында жүзеге асты.

Бағдарламаның қолдауымен Қалия жеке тігін цехын толық жабдықтап ашуға мүмкіндік алды. Бастапқы кезде басты қиындық — білікті мамандардың тапшылығы болды. Осыған байланысты көп жағдайда барлық жұмысты Қалияның өзі атқаруға мәжбүр болған. Сондай-ақ, Түркиядан мата сатып алу кезінде алаяқтыққа тап болып, қаржылық шығынға ұшыраған сәттер де болған. Қалия материал сапасына ерекше көңіл бөледі. Дизайн таңдауда балаларға ұнайтын ертегі кейіпкерлері мен сән трендтеріне басымдық береді.

Барлық киім үлгілерін өзі әзірлейді. «Kaliya Style» бренді 2 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға арналған киімдер шығарады. Қазіргі таңда шеберханада Қалияны қосқанда 3 адам жұмыс істейді. Бренд сәнді, сапалы әрі экологиялық таза өнім шығаратынымен мақтанады. Қалия үшін бизнес — тек табыс көзі емес, қоғамға қосқан үлес. Жуырда ол өзінің маусымдық топтамасын «Даму» қоры ұйымдастырған Ұлттық өнім көрмесінде таныстырды. Күнделікті жұмысында мектеп және балабақша формасына тапсырыстар қабылдайды.

Алдағы жоспарында — сән көрсетілімдеріне қатысу, өнімге сертификат алу бар. Бүгінге дейінгі ең үлкен жетістігі — Ақтау қаласы әкімінің алғыс хаты. Қалия ханым болашақта Президент марапатына да лайық болатынына сенімді.

Аталған бизнесті дамыту мақсатында кәсіпкер 2022 жылы айналым қаражатын толықтыру үшін «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба» аясында АҚ «Қазақстан Халық Банкі» арқылы несие рәсімдеген. Несие жылдық 21,5% мөлшерлемемен берілді, оның ішінде кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме тек 5%-ды құрайды, ал қалған айырмасын мемлекет субсидиялайды.

Мекенжайы: Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, Шаңырақ сауда орталығы, №1 бутик
Телефон: +7 708 747 7429

Instagram: kaliya_style