Ел экономикасын дамытудағы негізгі күш - өндірісте

Жаңалықтар
21.07.2017

2010 жылдан бері кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүрген Далбаев Жамбыл Мауленұлы әр түрлі бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда: жиһаз жасау, пластмасса және темір өнімдерін өңдеу, қызмет көрсету, кафе мен үй-жайларды жалға беру секілді. Кәсіпкер бизнесін Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе селосында жүзеге асырып келеді. Қызылтобе ауылы Ақтаудан 16 шақырым жерде орналасқан.



Кәсіпкердің жеке меншігінде жалпы ауданы 639,1 шаршы метр құрайтын өндірістік базасы бар. База аумағында наубайхана, өндірістік цехтар және бақылау-өткізу пункті бар. Өндірістік цехтар 8 бөлімнен тұрады. Оның ішінде 5 цех жиһаз шығарса, 2 цех темір бұйымдарға, 1 цех пластик терезе жасау үшін ыңғайланған. Жиһаздар Қызылтөбе ауылындағы дүкен арқылы сатылады. Дүкен де кәсіпкердің жеке меншік ғимараты.



Кәсіпкер жиһаз өндірісін дамыту мақсатында, оның ішінде құрал жабдықтар жаңалауға, шикізат алуға, тасымалдауға арналған жүк көлігін алу үшін «Казкоммерцбанк» АҚ арқылы несие алуды шешті. Банк 16 046 000 теңгені, 19% мөлшерлемемен беруге шешім қабылдады. Оның 10% мөлшерлемесін мемлекет қайтарымсыз негізде өтесе, қалған 9%-ын кәсіпкер өзі төлейді. Несиенің мерзімі 24 ай. Жоба бойынша кепілдік жеткіліксіз болғандықтан, «Даму» Қоры жобаның 29%-на кепілдік берді. Осылайша, жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттен кешенді қолдау алды.