menu
Жабу

Кеңес ал!

Dalatex табыс тарихы: Идеядан – отандық өндіріс көшбасшысына дейін

31.07.2025

Кәсіпкер Ділмұхамед Абизовтің оқиғасы – табандылық, өз ісіне сенім мен үздіксіз даму арқылы қарапайым идеяны мықты әрі танымал брендке айналдырудың жарқын мысалы.

Кәсіпкерлік жолын киім сатудан бастаған ол нарықты терең түсініп, тәжірибе жинақтай келе, бір маңызды шешімге келеді: сату аздық етеді, енді өзіміз өндіретін уақыт келді. Нарыққа сапалы, отандық киім бренді қажет екенін түсініп, 2016 жылы Dalatex тігін фабрикасының негізін қалады. Бұл – отандық өндірісті дамытуды мақсат еткен алғашқы қадам болды.

Алғашқы өнім – ерлерге арналған жейделер еді. Қарапайым көрінгенімен, Dalatex жейделері сапасы, қолжетімді бағасы мен заманауи дизайнының арқасында тұтынушылардың сеніміне тез ие болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті шетелден де тапсырыстар түсіп, компанияның бағыты дұрыс екені дәлелденді.

Бүгінде Dalatex – заманауи технологиялармен жабдықталған, толыққанды өндірістік кешен. Ерлер жейдесінен бөлек, фабрикада әйелдер мен балалар жейделері, арнайы жұмыс киімдері мен күштік құрылымдарға арналған формалар тігіледі. Әр өнімнің артында – өз ісіне берілген дизайнерлер, технологтар мен шеберлердің еңбегі жатыр. Dalatex ассортиментін ұлғайтып қана қоймай, сапаны үнемі жоғары деңгейде ұстап келеді – брендтің басты артықшылығы да осы.

Компания Қызылорда облысында киім өндіру ісін алғаш бастағандардың бірі болды. Қазіргі таңда фабрика күніне 650 дана жейде мен 200 данаға дейін арнайы киім шығарады. Негізгі тұтынушылары – жергілікті мекемелер мен мемлекеттік органдар. Бұрын компания өнімдерін Ресейге де экспорттаған.

Мемлекеттік қолдау компанияның дамуына айрықша серпін берді. 2024 жылы компания жаңа өндірістік ғимарат сатып алуға «ForteBank» АҚ қаржыландыру алып, «Даму» қорының субсидиялау құралы арқылы несие мөлшерлемесін 19,75%-дан 8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік алды. Бұл – өндірісті кеңейту мен жаңа жұмыс орындарын ашуда маңызды қадам болды. Қазіргі таңда компанияда 60-қа жуық адам еңбек етеді.

Түркиядан тұрақты түрде сапалы мата жеткізіліп, өндіріс үдерісі жолға қойылған. Жоғары сапа, заманауи үлгі және трендтерге сай болу – Dalatex өнімдерін нарықта ерекшелендіретін басты факторлар.

Қызылорда қаласы, Панфилов көшесі, 78

Тел: +7 702 331 37 17, +7 775 528 33 71

Instagram: dalatex.official