menu
Жабу

Кеңес ал!

«Даму» Қоры Иордания кәсіпкерлікті дамыту корпорациясымен ынтымақтастық орнатуда

27.08.2025

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі II Абдалла Бен Әл-Хусейннің қатысуымен Қазақстан мен Иордания Хашимит корольдігіндегі микро, шағын және орта кәсіпорындарды қолдау және дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Құжатқа «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев пен Иорданияның кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі корпорациясының (JEDCO) атынан өкілдік еткен Иорданияның өнеркәсіп, сауда және жабдықтау министрі Яруб Әл-Куда қол қойды.

«JEDCO-мен келісімге қол қою — «Даму» Қорының кәсіпкерлікті дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтудағы жаңа кезең. Иорданияның стартаптарды, экспортқа бағдарланған ШОБ, цифрландыру және «жасыл» экономиканы қолдау саласындағы тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздің ортақ тұстарымыз көп, сондай-ақ басым салаларға баса назар аударамыз. Сонымен қатар, біз несиеге кепілдік беру, жеңілдікпен қаржыландыру және импорттың орнын басатын кәсіпорындарды қолдайтын ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыру саласындағы тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз. Бұл серіктестік білім мен технологиялармен алмасып қана қоймай, екі экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін жаңа   мүмкіндіктер беретініне сенімдімін», - деп атап өтті Фархат Сәрсекеев.

Келісім аясында тараптар екіжақты байланыстарды жақсартуға және қазақстандық және иорданиялық кәсіпорындар үшін қолда бар бизнес-мүмкіндіктер туралы озық тәжірибе мен ақпарат алмасу, өңірлік дамуды қолдау, өзара экономикалық қызметті кеңейту, бірлескен жобалар құру және насихаттау үшін экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктер бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті.

Тараптар сондай-ақ жас кәсіпкерлерді, стартап жобаларды және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау арқылы тұрақты дамуға ықпал етпек.