menu
Жабу

Кеңес ал!

«Даму» Қоры 2-кепілдік қоры аясында ірі бизнеске алғашқы кепілдігін берді

28.08.2025

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев, Қазақстан Даму Банкінің басшысы Марат Елибаев («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары) және «Qazaq Global food JV» ЖШС директоры Самат Балабеков кепілдік беру туралы үшжақты шартқа қол қойды.
Бұл — «Даму» қорының кепілдік берудің жаңа механизмі аясындағы алғаш қолдау алған ірі жоба. Сондай-ақ, Қор алғаш рет Қазақстан Даму Банкі беретін несиеге кепілгер болды.
Кәсіпкер Самат Балабеков Қазақстанда алма шырыны концентратын, сондай-ақ жеміс-көкөніс пюресін шығаратын, көкөністер мен жемістерді өңдейтін алғашқы зауыт салуға ниетті. Өндіріс алаңы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасатын болады. Жоба Göknur Gıda түрік компаниясымен бірлесіп жүзеге аспақ. Ал шырын түріндегі өнім басқа елдерге экспортталады. Қазір концентраттардың негізгі бөлігі Қытайдан және басқа елдерден жеткізіліп жатыр. Бұл жаңа зауыттың іске қосылуы импортқа тәуелділікті азайтады. Жобаның жалпы құны 9,5 млрд теңге, оның 7,1 млрд теңгесі — Қазақстан Даму Банкі берген қаражат. Кәсіпкер «Даму» Қорынан 2,8 млрд теңгеге кепілдік (қаржыландыру сомасының 39,4%) алды.
«Кепілдік беру бағдарламасының арқасында біз несие нарығына серпін береміз. Қазір кәсіпкерлер мен банктер жобаларды  кепілзат аз болса да қаржыландырып жатыр және импортты алмастыруға, инвестиция тартуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға, тиісінше өңірлердің де, жалпы елдің де экономикасын нығайтуға ықпал ететін ауқымды жобаларды іске асыра алады», - деп атап өтті Фархат Сәрсекеев.
Бағдарламаға қатысудың негізгі шарттары:
* қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеден жоғары;
* кепілдік мөлшері 15 жылға дейін, жобаның жалпы құнының 30% - на дейін;
* басым салалар:
- өңдеу өнеркәсібі,
- одан әрі қайта өңдеу шартымен тау-кен өндіру өнеркәсібі,
•агроөнеркәсіп кешені,
- инфрақұрылым объектілерін құру және дамыту (энергетика, байланыс, көлік, туризм, денсаулық сақтау, білім беру);
* жоба құнының кемінде 20%-ын кәсіпкер ұсынады;
* кепілдіктің бүкіл қолданыс мерзімі үшін кепілдік сомасынан жылына 2% мөлшерінде бір рет комиссия алынады.
Қазір «Даму» Қорының қарауында жалпы сомасы 52,3 млрд теңгеге, қаржыландыру сомасы 37,5 млрд теңгеге және кепілдік сомасы 13,4 млрд теңгеге (қаржыландыру сомасының 35,7%) тағы екі жоба бар.
Сондай-ақ, несие беруші ұйымдарда, оның ішінде «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымдары — Қазақстан Даму Банкі, өнеркәсіпті дамыту қоры, Qazaqstan Investment Corporation және екінші деңгейдегі банктерде қазір 40-тан астам жоба қаралуда, олардың жалпы құны 5,6 трлн теңге, қаржыландыру қажеттілігі 3,1 трлн теңге, кепілдік шамамен 1,1 трлн теңгеге беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, ШОБ және ірі жобаларды несиемен қамтуды көздейтін кепілдік қорлары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл сәуір айында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ базасында іске қосылды.