menu
Жабу

Кеңес ал!

Бір контейнерден үлкен бизнеске: Манас Асаиновтың табысқа жету тарихы

17.09.2025

Кәсіпкерлік қызметін Манас Асаинов 2004 жылы Жезқазғаннан Астанаға көшіп келгеннен кейін бастады. Бастамасы қарапайым болды — құрылыс базарында жалға алынған контейнерден сауда жүргізді, ал тауарлар жеткізушілерден консигнация (сатылғаннан кейін есеп айырысу) шарттарымен келіп отырды. Біртіндеп ол сауданы дамытып, клиенттік базасын құрып, кейін өз өндірісін іске қосты.

2006 жылы кәсіпкер банк қаржысын тартып, Қытайдан пескоблок шығаратын үш станок сатып алды. 2010 жылдан бастап кәсіпорын өнім ауқымын кеңейтіп, газоблок шығара бастады. Сонымен қатар сауда бағыты да дамыды: 2008 жылы Жезқазғанда 1,5 гектар аумақты база сатып алынды, 2013 жылы алғашқы құрылыс дүкені салынды, ал 2018 жылы Сәтбаев қаласында осыған ұқсас нысан ашылды. Сол жылы кәсіпкер Жезқазған маңында шаруа қожалығын да бастады.

Егер жолдың басында оның жанында небәрі бір ғана сатушы мен бір ғана жүкші жұмыс істесе, бүгінде кәсіпкер үш қалада шамамен 80 адамды жұмыспен қамтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Жетістікке жету жолы оңай болған жоқ: қаржыландырудың жетіспеуі, несиелік жүктеменің көптігі, пандемия салдары. Дегенмен саудадан түскен табыс өндіріс шығындарын өтеуге және әрі қарай өсуге қажетті ресурстарды қамтамасыз етуге көмектесті.

Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тұрақты пайдалана отырып, кәсіпкер өз тәжірибесіне және мемлекеттің қолдауына сүйене отырып, әзірге Қазақстанда өндірілмейтін сыпырғыштар мен щеткелердің өндірісін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

2025 жылдың маусым айында компания «Даму» қорының «Өрлеу» бағдарламасы бойынша, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы 12,6 % мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру алып, коммуналдық техникаға арналған полипропиленнен жасалған дискілі щеткалар өндірісін іске қосуға арналған жабдық сатып алды. Қазір кәсіпкер өндірісті бастауға дайындалып, әкімдіктермен меморандумдарға қол қоюды және өнімді коммуналдық ұйымдарға жеткізуді жоспарлап отыр, осылайша Қазақстан нарығындағы бос саланы игеруді көздейді.

Манас Асаинов өз тәжірибесімен жас кәсіпкерлермен бөлісіп, алдымен саудадан бастауды ұсынады, өйткені өндіріс үлкен ресурстарды талап етеді және әрдайым тез пайда әкелмейді. Оның өзгермес ұраны — «Тек алға! ».

Кәсіпкердің жоспарында — мал сою цехын ашу, консерві мен шұжық өнімдерін шығару, сондай-ақ өңірдің дамуына ықпал ететін басқа да жобаларды жүзеге асыру бар. Манас Асаиновтың табыс тарихы — жүйелі еңбек арқылы тұрақты бизнес құрып, жұмыс орындарын ашып, туған өлкенің экономикасын нығайтуға болатындығының айқын дәлелі.

Мекенжайы: Жезқазған қаласы, Холмецкий көшесі, 100

Телефон: +7 777 236 3500

Instagram: @bakyt_stroy_zhez