Кеңес ал!
«БЮДЖЕТТІҢ ӘР ТЕҢГЕСІ ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУҒА ЖҰМЫС ІСТЕУІ ТИІС»: «ДАМУ» ҚОРЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІН ҚАЛАЙ ҚАДАҒАЛАЙДЫ
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы мемлекеттен қолдау алған 8 мыңнан астам жобаға 8 ай бойы тексеру жүргізді. Қазақстанда бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын, кәсіпкерлер жиі жіберетін қателіктер және оның қалай алдын алуға болатынын «Даму» қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есқақов айтып берді.
– Ербол Амангелдіұлы, «Даму» Қоры қазақстандық кәсіпкерлерге қазір қандай қолдау құралдарын ұсынып отыр?
– «Даму» қоры кәсіпкерлерге негізінен мемлекеттік үш құрал арқылы қолдау көрсетеді. Олар: жеңіл несие, кепілзат жеткіліксіз кәсіпкердің қарызына кепіл болу және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Биыл Қорда ауқымды трансформация өтіп жатыр. Біз кәсіпкерлер үшін үйреншікті құралдарды сақтап қалдық, бірақ олардың ішкі архитектурасын сапалы түрде өзгерттік. Нәтижесінде олар жылдамырақ әрі тиімдірек бола түсті. Сондай-ақ, экономиканың мультипликатив әсері жоғары басым салалары айқындалды. Олар: өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма, туризм, денсаулық сақтау, білім беру.
– Қолдау құралдарына қандай өзгерістер енгені туралы толығырақ айтып беріңізші.
– Қазір біз нарықтық емес қолдау механизмдерінен тұрақты әрі ұзақ мерзімді шараларға біртіндеп көшу үстіндеміз. Ол дегеніміз, мысалы бұрын біз үнемі пайыздық мөлшерлемелерді субсидияласақ, енді кепілдік беру мен жеңіл несие беруге басымдық беріп отырмыз.
Кәсіпкерлердің жаңа қолдау шараларына біртіндеп бейімделуі үшін «Даму» қоры «Өрлеу» атты жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын іске қосты. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудың баламасына айналып, кәсіпкерлердің кідіріссіз қаржы алуына мүмкіндік бермек.
Бағдарлама шарттары оңтайлы: 12,6%-дық мөлшерлеме қарыздың бүкіл мерзімінде өзгермейді. Ең ұзақ мерзімі – 10 жыл. Бағдарлама бес басым саланы және жалпы 56 қызмет түрін қамтиды. Негізгі ерекшелігі – міндетті түрде «Қазақстанда жасалған» белгісі бар тауарларға қолдау көрсету. Мұндай тәсіл отандық кәсіпорындардың өнімділігін арттыруға, импортқа тәуелді болмауға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді.
Бағдарламаға екінші деңгейлі банктер белсенді қатысып жатыр. Жалпы 750 млрд теңге қаржының 450 млрд теңгесін екінші деңгейлі бірлесіп бөледі. Біз қазірдің өзінде Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Forte Bank, Bereke Bank, RBK Bank, Freedom Bank және Nurbank-пен келісімге қол қойдық.
Бағдарлама іске қосылған маусым айынан бері шамамен 834 жобаға 327 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Оның жартысы өңдеу өнеркәсібі. несиенің басым көпшілігі инвестицияға берілген. Сонымен қатар бағдарламаға қатысушылар Қордың кепілдігін де пайдалана алады.
Кепілдік беру құралы бойынша биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен 7 млрд теңгеге дейінгі және 7 млрд теңгеден жоғары несиені қажет ететін жобалар үшін екі жаңа кепілдік қоры іске қосылды.
Енді кәсіпкерде кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға кепілдікті өте қысқа мерзімде – небәрі 2 жұмыс күні ішінде береді. Бұл портфельдік кепілдендірудің арқасында мүмкін болып отыр. Кепілдік несиеге, лизинг мәмілелеріне және келісімшарттарды орындауға, несие сомасының 85%-на дейін беріледі. Бірақ кепілдік сомасы 3,5 млрд теңгеден аспайды.
Кепілдік бағдарламасына келер болсақ, біз басым салалар (80%) ғана емес, басым салалар тізіміне жатпайтын жобаларға да (20%) кепіл боламыз. Тізімге 60-тан астам ЭҚЖЖ (ОКЭД) енгізілген. Сәуір айынан бері біз несие сомасы 225 млрд теңгеден асатын 1,3 мыңнан астам жобаға кепілдік бердік. Кепілдіктің жалпы сомасы – 122 млрд теңгеден көп.
Ірі жобалар бойынша да алғашқы кепілдік мақұлданды. Ол – Алматы облысында көкөніс пен жемістер өңдеу зауытының құрылысы. Жоба жалпы құны 9,5 млрд теңге болса, оның 2,8 млрд теңгесіне кепілдік бердік.
Қазір Қорда жалпы құны 109,5 млрд теңгені құрайтын, жалпы кепілдік сомасы – 40,2 млрд теңгелік тағы үш ірі жоба қаралып жатыр. Сондай-ақ банктердің қарауында шамамен 40-тай жоба бар.
Ірі инвестициялық жобаларға қояр біздің талаптарымыз: міндетті түрде басымдық еберілген салаға жатуы тиіс және кәсіпкер жоба құнының кемінде 20%-ына өз қаражатын салуы қажет.
Қаржылай қолдаумен қатар, Қор «Заманауи кәсіпкер» атты тегін оқу курстарын өткізеді. Былтыр бұл курстарда шамамен 1700 адам оқыса, биылдың өзінде 1308 кәсіпкер тіркеліп, оқып жатыр. Сондай-ақ, біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен меморандумға қол қойып, кәсіпкерлерге арналған қысқа мерзімді курстар мен біліктілік арттыру бағдарламаларын ЖОО және ЖОО-нан кейінгі ұйымдар базасында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Осы барлық шаралар кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізе алып, өз жобаларын дамытуын көздейді бағытталған.
– Кәсіпкерлерді қолдаудың қазіргі көрсеткішін атап өтіңізші?
– 2025 жылдың 8 айында жалпы қолдау құралдары аясында шамамен 8 мың жоба қолдау алды. Ондағы несиенің жалпы сомасы – 1290 млрд теңге:
– Кәсіпкер қордан қолдау алғаннан кейін не болады? Жобалардың жүзеге асатынын қалай қадағалайсыздар?
– Ескеретін маңызды бір жайт – мемлекеттен қолдау алған кәсіпкер мойнына белгілі бір міндеттемелер алады. Атап айтқанда: қарызды құжатта көрсетілген мақсатта жұмсау, тиімділік критерийлерін сақтау немесе мойнына алған міндеттемелердің үдесінен шығу. Әрбір бағдарламада бенефициар орындауы тиіс негізгі индикаторлар айқын жазылған. Ол – салық түсімін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбекақы қорының өсуі және т.б.
Әрине, Қор осы міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізеді. Бұл нормалар ҚР Кәсіпкерлік кодексінде бекітілген.
– Мониторинг процесі қалай өтеді?
– Біз қарыздың мақсатты пайдаланылуын тексереміз дедім ғой. Яғни кәсіпкер қаражаттың нақты жоспарлы мақсатта жұмсалғанын растауы тиіс. Мысалы, ол жабдық сатып алды, жеткізушімен тауар жеткізу келісімшартын жасасты немесе бизнес-жоспарға сәйкес жобасын жүзеге асырды. Бұл – дұрыс. Бірақ мұның бәрі құжатпен расталуы тиіс. Егер кәсіпкер балабақша ашам деп жеңіл пайызбен несие алып, оның орнына монша кешенін салып алса – мақсатсыз пайдалану деген осы. Біз осы жағын қадағалаймыз.
Сондай-ақ мойнына алған міндеттемелердің орындалуын да тексереміз: жұмыс орындарының саны артты ма, салық төлемдері көбейді ме, еңбекақы қоры өсті ме. Біз үшін бюджеттің әр теңгесінің дұрыс мақсатқа жұмсалғаны және ел экономикасының дамуына жұмыс істегені маңызды.
– Егер кәсіпкер шарттарды орындамаса, санкция қолданыла ма?
– Мониторингтің басты мақсаты – жазалау емес, жобаның жүзеге асып, мемлекет бөлген қаражаттың тиімді жұмсалғанын растау. Сондықтан біз алдымен кәсіпкерді алда тексеріс болатынын ескертеміз. Бұдан бөлек, 2023 жылдан бері бізде мобильді қосымша жұмыс істейді. Онда кәсіпкерлер сатып алған активтері, құжаттары мен фотоларын онлайн жүктей алады. Бұл – тексеру рәсімін айтарлықтай жеңілдетіп, тікелей байланыстарды азайтады.
Тек құрылыспен байланысты жобаларға ғана онлайн рәсім жүрмейді. Оларды міндетті түрде барып, жұмыстың қалай жүріп жатқанын көру керек.
Егер мониторинг барысында шарт бұзу анықталса немесе объективті себеппен жобаның іске қосылуы кешіксе, біз кәсіпкерге қосымша уақыт береміз. Тек елеулі және өзгертуге келмейтін шарт бұзушылықтар болған жағдайда, мысалы, жоба құжат жүзінде де, іс жүзінде де бағдарлама шартына сай келмесе шара қолданылады. Ол шара –кепілдікті жою немесе бұрын төленген субсидия сомасын қайтару болуы мүмкін. Бұл – ең соңғы шара.
Айта кету керек, мониторинг толық жүреді. Әдейілеп шарт бұзу фактілері ерте ме, кеш пе анықталады. Сондықтан адал кәсіпкерлер жоғарыда айтылған шараларға алаңдамауы тиіс.
– Биыл қанша тексеріс болды және шарт бұзу қаншалықты жиі кездесті?
– 2025 жылдың 8 айында біз 8 204 жобаны тексердік. Шарт талаптарын бұзғандар үлесі жалпы қолдау алған жобалардың 2%-нан аз.
– Қай салаларда жиі қателік болады?
– Көбінесе сауда саласында қаржы мақсатсыз жұмсалады. Екінші орында – өңдеу өнеркәсібі, одан кейін – тұрғынжай мен тамақтандыру қызметі. Сондай-ақ көлік және қоймаға салу, ауыл, орман және балық шаруашылығында да болып жатады.
– Ең көп кездесетіні қандай заңсыздық?
– Ең кең тарағаны – қаражатты қалай жұмсағанын растайтын құжат көрсете алмау. Яғни кәсіпкер ақша жұмсайды, бірақ, шот-фактура, тауар-ілеспе құжатпен дәлелдей алмайды.
Кейде кәсіпкерлер қаражатты қолма-қолға айналдырады. Бұл да үлкен қателік. Себебі мұндай шығындарды құжатпен дәлелдеу мүмкін емес. Бұдан бөлек, келісімшарт шарттарына сай келмейтін салмақты жайттар бар. Ол: ЭҚЖЖ-ға сәйкессіздік, артық пайда көру үшін ережені бұзу. Мысалы, бір кәсіпкер бірнеше компания тіркеп, бір активті өзара қайта сатып алады. Осылайша, көзбояу мәміле арқылы мемлекеттік бағдарламадан негізсіз көбірек қаражат алады.
Кейде активтер жалған тұлғаларға қайта рәсімделеді. Яғни бастапқыда кәсіпкердің атына жазылған мүлік қарыз алар алдында үшінші тұлғаға өткізіледі, ал кейін несие сол активті «қайта сатып алуға» жұмсалады.
Сонымен қатар, кейбір кәсіпкерлер жалпы салық режиміне өтпеу үшін ресми түрде қызметін тоқтатады немесе жабады да, жеңілдетілген режимде қалып қояды. Бұдан бөлек, жалған мәмілелер де тіркеледі: мысалы, құрылыс-монтаж жұмыстарына шығындар көрсетілгенімен, іс жүзінде ол жұмыстар орындалмаған.
– Кәсіпкерлерге осындай қателіктерден сақтану үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы – бағдарлама шарттарын және келісімшартты мұқият оқу, өзіне артылар міндеттемелерді түсініп алу. Егер сұрақтар туындаса, Қордың барлық өңірде филиалы бар. 1408 нөмірі бойынша сall-орталыққа қоңырау шалуға немесе www.damu.kz
сайтынан танысуға болады. Біз әрдайым кеңес беруге және көмектесуге дайынбыз.
– Әңгімеңізге рақмет!