menu
Жабу

Кеңес ал!

СҚО кәсіпкерлерінің 370 жобасы «Даму» қорынан қолдау алды: бизнес қаржыландырудың жаңа құралдарын таңдайды

08.10.2025

Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылдың 9 айында жалпы несие портфелі 50 млрд теңгені құрайтын 242 кепілдік шартына қол қойылды, оның ішінде Қордың кепілдігі – 41 млрд теңге. Ең көп жобалар ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау, сауда салаларына тиесілі. Аймақтар бойынша Петропавл қаласы көш бастап тұр. 

Сонымен қатар, жыл басынан бері Қор өңірде 13,4 млрд теңге несие портфелімен 86 жаңа жобаны пайыздық мөлшерлемені субсидиялау құралы арқылы қолдады. Субсидияланған жобалардың басым бөлігі – Петропавлда 49 жоба немесе жалпы санның 57%. Салалар бойынша – өңдеу өнеркәсібі (26%), сауда (24%), көлік және қоймалау (22%) алда. 

«Қазақстан Республикасының Президенті өзінің Жолдауында шағын және орта бизнесті, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді қолдауды мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде атап өтті. Бүгінгі таңда ШОБ елдегі жұмыспен қамтудың жартысына жуығын және ЖІӨ-нің шамамен 40%-ын қамтамасыз етеді. Ел экономикасының әрі қарай өсуі үшін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту және жаңа жобаларды қолдау аса маңызды», – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Даму» қоры аймақтық филиалының директоры Гүлбаршын Дәулетбаева. 

«Даму» қорының қолдауын алған табысты жобалардың бірі – «АБВГДЕЙКА» атты балаларды ерте дамыту орталығы. 

Балалар орталығы 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Негізгі бағыты – мектепке дейінгі балаларды ерте дамытып, мектепке дайындау. Орталықтың басты мақсаты – әр балаға жеке көңіл бөліп, сапалы білім беру, дұрыс тамақтандыру және жан-жақты, үйлесімді дамыту. 16 жыл ішінде орталық өзінің әдістемесін қалыптастырған, заманауи оқыту технологияларын енгізіп, авторлық бағдарламалар мен әдістерді жасап шығарды. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне ерекше мән беріледі, сондай-ақ баланың тұлға ретіндегі дамуы мен шығармашылық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға баса назар аударылады. Орталықта қосымша сабақтар мен арнайы бағдарламалар бар, балалардың дамуына және мектеп, лицей, гимназияларға сәтті бейімделуіне көмектеседі. 2025 жылы компания ісін кеңейтуді бастап, Петропавл қаласында үшінші филиал ашуға шешім қабылдады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы 12,6% мөлшерлемемен жеңіл несие алынған. Кепілзат жетпегендіктен, кәсіпкер «1-кепілдік қоры» аясында жетіспейтін кепілдігін толықтырды. Жаңа филиалдың ашылуы қаланың балабақша қызметін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. 

«Біздің қызметкерлер – компаниямыздың ажырамас бөлігі. Педагогтардың жайлылығы мен тұрақтылығы балабақшадағы атмосфераға тікелей әсер етеді. Сондықтан біз үшін қызметкерлерге тұрғын үй және жақсы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету маңызды. Біздің мақсатымыз – тек балалар емес, сонымен бірге оларға жан-тәнімен қызмет ететін адамдар. Болашақта дарынды балаларға арналған бастауыш гимназия ашуды жоспарлап отырмыз», – дейді мекеме директоры Ольга Жаркова.

 Мемлекет қолдауының тағы бір жақсы үлгісі – «DEZ» компаниясы. Бұл – Солтүстік Қазақстан облысындағы ұн шығаратын ең ірі кәсіпорындардың бірі. Компания 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Өздерінің 5 000 гектар жеріне бидай егеді, жоғары және бірінші сұрыпты ұн шығарады. Өнім сапасы арнайы зертханада қатаң тексерістен өтеді. Шығаратын өнімдерінің қатарында – 2, 5, 10, 25 және 50 килолық қапталған ұн, сондай-ақ кебек пен құрама жем бар. Өндіріс процесі халықаралық стандарттарға сай. Өнімдері Қазақстан ішінде де сатылады, сонымен қатар Ауғанстан, Тәжікстан және Өзбекстанға экспортталады. Компанияда 90-нан астам адам жұмыс істейді. Бұл – өндірістің тұрақты дамуына үлкен үлес қосып отыр. Айналым қаражатын толықтырып отыру үшін «DEZ» компаниясы «Өрлеу» бағдарламасы арқылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алды. 

Анар Хамзина – жас кәсіпкер, «Sonberry» деген атаумен төсек жабдықтарын өндірумен айналысады. Бұл – мемлекеттік қолдаудың нақты жемісін көрсететін табысты жобалардың бірі. 2024 жылы Анар «Forte Bank» АҚ арқылы 20 миллион теңге көлемінде несие алып, өзіне тігін цехы мен сауда орнын ашуға арналған ғимаратты сатып алды. Жоба «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында мемлекет қолдауымен жүзеге асты. Бұл бағдарлама шеңберінде «Даму» қоры несие сомасының 85 пайызын кепілдендіріп, кәсіпкердің банктен қаражат алуына жағдай жасады. Сонымен қатар, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі қолданылып, бастапқы 21,25% болған несие пайызы 8%-ға дейін төмендетілді. Қазір Анардың шағын өндірісі ай сайын 40-қа жуық төсек-орын жиынтығын шығарады. Барлығы жоғары сапалы мақта матадан тігіледі, өнімнің сапасына да, дизайнына да ерекше көңіл бөлінеді. 

«Қазақстандық ұзақ ғұмыр» ЖШС – зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған күндізгі демалыс пен уақытша күтім қызметтерін ұсынып, қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселені шешіп отыр. Бұл орталық үлкен кісілерге арналған қауіпсіз, жайлы орта жасап, олар бір-бірімен сөйлесіп, уақыт өткізіп, күтім алып, өздерін жалғыз сезінбей, қатарластарымен бірге бола алады. Жобаның идеясы компания негізін қалаушы Лилия Даниленконың жеке өмірінен туған. Оның анасы деменциямен ауырған кезде, отбасы бұл жағдайдың қаншалықты қиын екенін өз басынан өткерген. Осыдан кейін Лилия басқа да жандарға көмектесу үшін осындай орталық ашуға бел буған. Қазір бұл орталық жалғыз басты қарияларға қамқорлық көрсетіп, оларға тамақ, медициналық бақылау, жайлылық пен көңіл бөлу қызметтерін ұсынады. Ал олардың туыстары болса, жақын адамдарының сенімді қолда екенін біліп, көңілдері тыныш болады.

Жоба мемлекеттік бағдарлама аясында «Forte Bank» АҚ арқылы қаржыландырылып, кәсіпкер үшін несиенің пайыздық мөлшерлемесі 20,25%-дан 7%-ға дейін төмендетілген. 

Бүгінде «Қазақстандық ұзақ ғұмыр» тек қана қызмет көрсетіп қана қоймай, ел бойынша қарияларды әлеуметтік қорғау саласына қатысты ұсыныстар беріп, белсенді жұмыс атқарып жүр.

«Даму» қорының қолдауы – тек қаржылық құралдар ғана емес, аймақтық экономиканы дамытуға қосылған үлес. Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері үшін бұл – өсудің, жаңғыртудың және бәсекеге қабілеттілікті арттырудың нақты құралы