menu
Жабу

Кеңес ал!

Төзім мен еңбек – бәрін жеңбек!

23.10.2025

Алтынай Елеусізова — табандылығы мен жүрек қалауына адалдығының арқасында табысқа жеткен кәсіпкер. Қазір ол танымал «Дәм империясы» кондитерлік брендінің негізін қалаушы. Бірақ бұл жетістікке апарар жол оңай болған жоқ.

Бизнестегі жолын Алтынай Қытайдан тауар тасып, сауда жасаудан бастаған. Ол аяқ киім, аксессуарлар, сұлулық салондарына арналған тауарлар мен кәдесыйлар сатумен айналысты. Бизнесі жақсы жүріп, тұрақты табыс әкелетін. Алайда 2020 жылғы пандемия жағдайды өзгертті. Шекаралар жабылды, жеткізу жолдары тоқтап, бизнес тұралады.

Бірақ Алтынай қиындыққа мойымады. Керісінше, дәл осы кезеңде өмірін түбегейлі өзгерткен шешім қабылдады. Ол үлкен қызымен бірге үйдегі ас бөлмесінде тәтті тоқаштар дайындап, тапсырыспен сата бастады. Шын көңілмен, жанын салып пісірген өнімдері көпшіліктің көңілінен шығып, тапсырыс саны күннен күнге арта түсті.

Отбасының қолдауы мен тұтынушылардың сенімі Алтынайға бизнестің басқа саласын дамытуға түрткі болды. Біртіндеп жеке наубайхана ашу туралы шешім қабылдады. Алғашында жалға алынған орында жұмыс істеді. Бірақ біраз уақыттан кейін жалдау ақысы өсіп кеткендіктен, өзіне ғимарат сатып алуға бел буды. 

2021 жылы Алтынай «ForteBank» арқылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен 6% жеңілдетілген несие алып, қала ортасынан кең цех пен шағын дүкен сатып алды. Сол жерден-ақ ыстық, хош иісті тоқаштар сатылып, қала тұрғындарының сүйікті дәміне айналды.

Бүгінде Алтынайдың командасы 40 адамнан тұрады, ал бизнес әлі де қарқынды дамып келеді. Оның ендігі мақсаты — 2025 жылдың соңына дейін үлкен заманауи өндірістік цех ашу. Кең, жарық, жайлы цехта жұмыс істеп, одан да көп адамдарды тәттілермен қуанту оның көптен бергі арманы болатын.

Бұл жобаға да «Даму» қоры «Өрлеу» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетті. Алтынай 12,6% жеңілдетілген несие алып, жаңа цехтың құрылысын аяқтауға мүмкіндік алды.

Табыс сырын түйіндеген Алтынай: «Ең бастысы — еңбекқорлық, өз ісіңе деген махаббат, отбасыңның қолдауы және мемлекеттің көмегі», - дейді. 

Кызылорда қ-сы, Төле би к-сі, 73 үй

тел:   +7 776 381 14 14

инст: @imperiya_vkusa_orda