menu
Жабу

Астанада мүмкіндігі шектеулі әйелдер үшін кәсіпкерлікті дамытудың мүмкіндіктері мен кәсіптің жаңа түрлері талқыланды

Жаңалықтар
23.12.2016

22 желтоқсанда Астанада «Шырақ» мүмкіндігі шектеулі әйелдер қауымдастығы мен «Даму» Қоры «Мүгедек әйелдердің кәсіпкерлік дағдыларын дамыту» жобасының қорытындысы бойынша дөңгелек үстел өткізді.

«Біздің жобамыз мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту барысында бірқатар инновациялық шешімдерді ұсынып отыр. Атап айтқанда, жұмысқа орналасу барысында сүйемелдеу институтын (job-coaching) құру, кәсібін өзгертуге арналған тағлымдамалар ұйымдастыру, нақты нәтиже шығу үшін мүмкіндігі шектеулі әйелдердің бойына көшбасшылық қасиеттерді сіңіру»,-дейді қауымдастық басшысы Ләззат Қалтаева.

Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік орган, халықаралық ұйымдар өкілдері, ҚР парламент мәжілісі депутаттары мен Қазақстанның өңірлерінен келген мүмкіндігі шектеулі ұйым өкілдері қатысты.

Өз сөзінде «Даму» Қорының Басқарушы директоры, Басқарма мүшесі Ғабит Лесбеков қордың мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге арналған бағдарламалары жайлы айта келіп, оларға өз пікірлерін «Даму» Қорына қысылмай еркін жеткізулерін ұсынды.

Жоба бойынша Қазақстанның 16 қаласының 18 бен 47 жас аралығындағы түрлі санатағы мүгедектігі бар 180 әйел оқу курстарынан өтті. Атап айтқанда кәсіпорынның бухгалтерлік есеп-қисабы; call-орталық операторы; офис-менеджер; тігіншілік; бизнес жоспар жасай білуге үйренді. Жобаның басты ерекшелігі - тек мүгедек әйелдерге ғана көмек көрсетілмей, оларды жұмысқа алатын кәсіпорын, серіктестік басшыларына да қолдау көрсетілгендігінде. Олар үшін де семинарлар өткізіліп, кеңес берілді. Онда жұмыс берушілер салық және еңбек заңындағы жеңілдіктер жайлы мағлұмат алып, мүгедек жан үшін жұмыс орнын қалай дайындау керектігі жөнінде де бірқатар пайдалы ақпараттар алды.