menu
Жабу

Кеңес ал!

Заманауи кәсіпкер — Амина Бакиева: арманнан брендке дейін

17.11.2025

«Amina Bakieva» жеке кәсіпкерлігінің негізін қалаушы Амина Бакиева — нан-тоқаш және ұннан жасалатын кондитерлік өнімдер өндіруге маманданған табысты кәсіпорынның иесі. Ол өз арманын шынайы табысқа айналдырып, өркендеген бизнестің негізін қалады. Кәсіпкерлік жолы Аминаның мектеп қабырғасынан бастау алған — дәл сол кезде ол жеке тапсырыстар бойынша тәттілер пісірумен айналысқан болатын. Бұл тәжірибе оның кәсіби философиясының іргетасына айналды: тек табиғи ингредиенттерді пайдалану және кондитерлік өнерде мінсіздікке ұмтылу — оның бизнесінің басты қағидалары.

Кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамдарын Амина тура өз үйінде жасады. Ол әлеуметтік желілер арқылы тапсырыстар қабылдап, кондитерлік өнерді өз бетімен меңгере бастады — алдымен YouTube бейне-сабақтары арқылы, кейін арнайы кәсіби курстарда білімін тереңдетті. Жинақталған тәжірибе мен қаражаттың арқасында алғашқы студиясын ашуға мүмкіндік туды. Оның ашылуына Амина өз қаражатынан 1 миллион теңге жұмсап, қосымша 2 миллион теңге көлемінде несие алған, оның бір бөлігі жабдықты бөліп төлеуге жұмсалды. Студия үйіне жақын жертөледе орналасып, дәл осы жерде Амина күн-түн демей жұмыс істеп, тәтті өнімдер пісіріп, шеберлік сабақтары мен оқыту курстарын өткізді.

Пандемия қарсаңында кәсіпкер студиясында онлайн-курстарға арналған арнайы түсірілім алаңын құрды. Бұл курстардан 20 мыңнан астам қазақстандық өтті. Онлайн-курстардан түскен табыс есебінен Амина Алматы қаласында, Жамбыл көшесінде алғашқы кондитерлік дүкенін ашты. Бүгінде мұнда шамамен 15 қызметкер еңбек етеді. Өнім түрлері қатарына эксклюзивті торттар, шоу-торттар, үйлену және 3D торттар, сондай-ақ түрлі мүсіндермен безендірілген бұйымдар кіреді — яғни клиенттердің кез келген тілегі мен идеясы тәтті түрінде жүзеге асады. Тұтынушыларының арасында ірі корпоративтік компаниялар да бар.

Өндіріс үдерісімен қатар Амина білім беру бағытын да белсенді дамытты. Ол кондитерлік өнерді меңгеруге қызығушылық танытқан адамдарға арналған шеберлік сабақтарын өткізіп, нарықты талдау негізінде сапалы әрі сұранысқа ие оқу бағдарламаларын әзірледі. Бұл қадам бизнестің табыстылығын арттырумен қатар, кәсіби даму мен жетілуге ұмтылған тұрақты әрі сенімді аудиторияны қалыптастыруға мүмкіндік берді.

2025 жылы «Даму» қоры мен Freedom Bank қолдауымен жүзеге асырылған аймақтық «Астана Бизнес 2» нүктелік бағдарламасы аясында Амина Астана қаласында кондитерлік цех пен мектеп ұйымдастыруға арналған ғимарат сатып алды. Бұл инвестициялар өндірістік қуатты айтарлықтай арттырып, компанияның нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бизнеске Кепілдік қорының аясындағы кепілдендіру құралы арқылы қосымша қолдау көрсетілді. Бұл өз кезегінде бизнестің әрі қарай дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты.

Амина мойындайды: бизнес тек жеңістерден тұрмайды. Кәсіпкер жолында қиындықтар мен қателіктер, құлдырау сәттері жиі кездеседі. Дегенмен, табысқа жетудің басты сыры — берілмеу, жаңа стратегиялар іздеу және үнемі алға ұмтылу. Дәл осы ұстаным компанияның дамуына, жаңашылдық енгізуіне және тұрақты өсуіне жол ашты.

Бүгінде «Amina Bakieva» жеке кәсіпкерлігі — қарқынды дамып келе жатқан компания. Ол көпқабатты торттар, макарундар, кейкпоптар, авторлық рецепттер бойынша дайындалған десерттер, соның ішінде «дубайлық» тәттілер мен чизкейктер сияқты кең ассортимент ұсынады. Компания талантты кондитерлер командасын кеңейтіп, өндіріс үдерісіне жаңа технологияларды енгізуді жалғастыруда.

«Amina Bakieva» студиясы бүгінге дейін 4 000-нан астам студентті оқытып, олардың көпшілігі кондитерлік салада елеулі жетістіктерге жетті. Аминаның кәсіби шеберлігінің мойындалуы — оның Kenwood, Braun және Smeg сияқты әлемге танымал брендтердің амбассадоры мәртебесіне ие болуы.

Амина Бакиеваның табыс тарихы кәсіпкерліктегі жетістік саналы шешімдер, табандылық және үздіксіз даму арқылы қалыптасатынын дәлелдейді. Бұл кейс Қазақстандағы шағын және орта бизнестің өсу әлеуетін және оның ұлттық экономиканың дамуына қосып отырған үлесін айқын көрсетеді.

Мекен-жайы: Астана қаласы, Арнау көшесі, 5-үй

Телефон: 8 707 103 43 34

Instagram: @bakieva_cake