Қазір Астанада «Көктем лебі» атты көркемсурет көрмесі өткізіліп жатыр. Ол жерде «Arlan Design» авторлық интерьер студиясының жұмыстары да қойылған. Студияның іргесін қалаған - мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Арлан Анкауов.
Арлан шығармашылықпен 10 жылдан бері айналысып келеді. Ол картинаға апликация техникасын пайдаланатын. Алайда бұл өнердің көпшілікке мәлім түрлері көңілінен шықпай, ешкім жасамаған түрін қолға алуды ойластыра бастаған еді. Сол кезде Арланға жапсырма үшін қой жүнін пайдалану туралы ой келді. Кейіннен ол аппликациядағы қой жүнін аналогы жоқ жаңа технология ретінде бекітіп, әлемдік патент алды.
Оның ерекшелігі – картина көрер көзге өте жұмсақ, нәзік, үп етсе ұшып кетердей әсер беретіндігінде. Алайда сипап көрген адам суреттің қаттылығын байқар еді. Сондықтан ол туынды сапалы, берік, ұзақ уақытқа сақтала алады. Көркемсуреттер салумен қатар бұл студияда авторлық интерьер дизайны жобалары мен кәдесый дизайны да жасалады. Барлық жобалары авторлық. Жұмыс істейтін ағайынды Анқауовтардың төртеуі де мүмкіндігі шектеулі жандар. Оларға шығармашылықтың мұндай түрі оңай емес. Олардың мақсаты – Қазақстан қолөнерінің дамуына шамасы келгенше үлес қосу.
Арланның аты Қостанай облысына мәлім. Ол Астанаға бірнеше рет келді, әр түрлі көрмелерге қатысты. «Даму» Қорының Астана филиалы Арланның көрме ұйымдастыру мәселелеріне ұдайы көмек көрсетеді.
Бұл жолы Арлан «Даму-Көмек» бағдарламасына жүгініп, елордада қоналқа ақысы мен көрмеге қатысуына қаражат сұраған болатын.
Астаналық «Red Village Hotel Astana» (http://redvillagehotel.kz/) және «Байтерек Премиум Астана» қонақүйлері (http://www.hotelbaiterek.com/) мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге демеушілік жасады. Олар Арлан мен бауырына қонақжайлық танытып, тегін тұруды қамтамасыз етті.
«Даму» қоры тарапынан демеушілер Әділ Сарин мен Сергей Федосеевке алғыс хат табысталды.
«Даму-Көмек» бағдарламаның арқасында Астана қаласының тұрғындары мен шаһар қонақтары Арлан Aнкауовтын өнерін тамашалай алды.