Қызылорда облысында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жаңа жобалар мақұлданды

Жаңалықтар
29.08.2017

Биыл тамыз айында Қызылорда облысының Аймақтық үйлестіру кеңесі 13 жобаға «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында қолдау көрсетуге шешім шығарды. Жобалардың жалпы құны 261,7 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен кәсіпкерлер кепілзат жетіспеушілігін шешіп, несие пайызын төмендете алды. Енді несиелерінің үстемесі 4%-ға дейін азайды.

Аймақтық үйлестіру кеңесі мақұлдаған жобалардың бірі жеке кәсіпкер Игіліков Төребектің кәсіпорны. Мемлекеттік бағдарлама аясында осыған дейін де қолдау алған болатын. Қазалылық кәсіпкердің балық өндіру мекемесі жаңа құрал-жабдықтармен толығып, дамуға жаңа леп алуда. «Даму» Қорының бөлшек кепілдендіру бағдарламасы аясында Төребек Игіліков «Қазақстан Халық Банкі» АҚ несие рәсімдеп, 16,5% жылдық үстемемен қол жеткізген несиесінің 10% мемлекет тарапынан субсидиялануда. Кәсіпкер несиесін 6,5%-бен өтейтін болды.

Тағы бір ауылдық кәсіпкер Дастан Данлыбаев бизнесін кеңейтуді жоспарлап, жаңа арнайы техника сатып алуды көздеп отыр. «Санжар» мекемесінің негізгі қызмет бағыты құрылыс техникалары мен құрал-жабдықтарын жалға беру болып табылады. Қармақшы ауданының кәсіпкері ұсынған құны 7 млн теңгені құрайтын жоба «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Байқоңыр филиалы тарапынан қолдау тауып, 18% үстемемен несие берілді. Кәсіпкер несиесінің пайыздық үстемесі «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында субсидияланатын болды.