menu
Жабу

Мемлекеттің қолдауымен қалай жеке автопарк ашуға болады

Жаңалықтар
02.07.2020

Иван Педенің бүкіл өмірі автобуспен байланысты. Иванның атасы да, әкесі де автобус жүргізушісі болған. Сондықтан Иванның да кәсібін автобуспен байланыстырғаны таңқаларлық емес. Тек, ол өз автобус паркі болғанын армандады. Бұл ойы мемлекеттің қолдауының арқасында жүзеге асты. Алғашқы екі автобусты 2013 жылы сатып алып, біраз уақыт Павлодар қаласында жұмыс істеді. Бірақ жеке бас жағдайына байланысты бұл кәсіптен қол үзуіне тура келді. Біраз уақыт жұмыссыз жүрген күндері де болды.

«Табандылық пен өз күшіне сену - табысты кәсіпкердің белгісі. Егер мен қол қусырып отырсам, ізденбесем қазіргі жағдайыма жетуім неғайбыл еді», - дейді И.Педе.

2014 жылы Иван үлкен кәсіпорынмен жұмысшыларды тасымалдау бойынша қызмет көрсету шартын жасауға қол жеткізді. Оның өміріндегі үлкен бетбұрыс осы жерден басталған еді. Ал үш жылдан кейін Иван құрған «Trance Holding-PV» ЖШС қала ішіндегі бағыттарда қызмет көрсетуге ірі тапсырыс алды. Автобустар сатып алу мәселесі туындаған кезде ол «Даму» Қорының Павлодар облысы бойынша аймақтық филиалына келіп мамандардың ақылымен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша жеңіл несие алуға бел буды. Бірақ Иван барған алғашқы банк несие беруден бас тартты. Бірден жеңіле салу Иванға тән қасиет емес еді.

Нәтижесінде автобустар сатып алуға 15 млн теңге несиені «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы 13,5%-бен алды. Оның 5,4%-ын мемлекет субсидиялады. Сондай-ақ, кепілзат жетіспеуіне байланысты «Даму» Қорының кепілдігін де пайдаланды. Қор ісін жаңа бастаған кәсіпкер ретінде несие сомасының 85%-ына, яғни 12 750 000 теңгеге кепілдік берді. 2019 жылдың соңында Иван микроавтобустар сатып алу үшін банкке тағы өтінім берді. 9 млн теңге несиені де «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 13,5%-бен алды. Бұл жолы да Иван несиесін субсидиялап, «Даму» Қорының кепілдігін алды.

Сөйтіп мемлекеттік қолдау мен «Даму» Қорының көмегімен Иван Педе 16 автобустан тұратын өз паркін құрды. Қазір кәсіпкер автобус паркін одан әрі кеңейтіп, қалааралық қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.