Бизнесті карантин кезіндегі дамыту және қолдау нәтижелері

Жаңалықтар
16.07.2020

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Фархат Сәрсекеевтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында бизнесті карантин кезіндегі дамыту және қолдау нәтижелері айтылды.

Әлемдік экономика дамуының қазіргі кезеңінде шағын және орта бизнеске қолдау – тұрақты жұмыс орындарын құру мен экономика өсімінің негізі болып саналады. Бұл – халықтың әл-ауқатының көтерілуіне мультипликативті әсер етеді. COVID-19 пандемиясы кезеңінде бүкіл әлемде халыққа кесел жұқтырудың алдын алу үшін шектеу шаралары енгізілді. Қазақстандағы ШОБ субъектілері үшін де бірқатар шектеу шаралары бекітілгені белгілі.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәрсекеев Фархат Қайнарұлы ШОБ-ты қолдау мақсатында Үкімет дағдарысқа қарсы бірқатар шараларды ұсынғанын айтты. Оның ішінде ШОБ-тың қаржыға қол жеткізуін жеңілдету мақсатында мемлекеттік бағдарламалардың шарттары өзгертілгені де бар.

2020 жылдың І жартыжылдығында «Даму» қоры несие сомасы 239 млрд теңге болатын 6,8 мың жобаға қолдау көрсетті. Қолдаудың ең қажетті құралдарының бірі – бұл сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау. Бұл құрал бойынша қолдауды кәсіпкерлер «БЖК 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», БҰҰ ДБ бағдарламасы мен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ала алады. Осы кезең ішінде жалпы сомасы 3 трлн теңге болатын 16 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде І жартыжылдықта жалпы сомасы 105 млрд теңге болатын 1,2 мың жобаға қолдау көрсетілді.

«Даму» Қоры төтенше жағдай режимі кезінде және карантин енгізілген сәттен бастап Қазақстандық бизнес үшін мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуден тынбады. 16 наурыздан бастап «Даму» Қоры жалпы сомасы 101 млрд теңге болатын 1 294 жобаға субсидия және кепілдік берді», - деді Қор өкілі.

Бұнымен қатар, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру аясында және ТЖ кезіндегі шешім қабылдау процесін оңтайландыру мақсатында «Даму» Қоры ШОБ несиелерін қайта құрылымдауға қатысты өзгерістерді мақұлдаудың оңайлатылған түріне көшіп, жоба қарау мерзімін 5-тен 1 күнге дейін қысқартты. 16 наурыздан 25 мамыр аралығында Қор жаңа жобалармен қатар, жалпы сомасы 467 млрд теңге болатын 6 091 жобаны қарап, қайта құрылымдауды ұсынды.

Кәсіпкерлерді қамту аясын кеңейту үшін Қор «Al Hilal» банкі мен «Қазақстан Иджара компаниясына» жалпы сомасы 10,5 млрд теңге болатын қаражат салуға келісім жасады. Бұл қаржы кәсіпкерлерге «Мурабаха» ислам қаржыландыру қағидаттары шарты бойынша беріледі. Қор сонымен қатар, Қайта қалпына келетін қуат көздері жобаларының сыйақы мөлшерлемесінің және негізгі борышының бір бөлігін субсидиялау бойынша БҰҰ ДБ жобасы бойынша да келісім жасасты.

Анықтама үшін: Қор 2007 жылғы қарашадан бері банктер, микроқаржы ұйымдары және лизинг компаниялар арқылы жеңілдікпен несие беру бағдарламаларының операторы. «Даму» қоры – бүгінде 4 құрал арқылы микро, шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін негізгі ұлттық даму институт болып отыры. Атап айтқанда – жеңілдікпен несиелендіру, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиеге кепілдік беру және онлайн оқыту мен кәсіпкерлерді қаржы институттарына дейін сүйемелдеу. Осы аталған бағыттар жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері «Даму» Қоры несие сомасы 5,7 трлн теңге болатын 90 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетті.