Еңбектің наны тәтті

Жаңалықтар
14.07.2020

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу». Ал бизнес жоспарын әбден пісірген жас жақындарының қолдауымен ғарышқа да ұшып кете алады.

Сіздерді «Даму» қорының қолдауымен кәсіп ашқан Ақтөбелік Олжас Жәнібекпен таныстырғымыз келеді. Ол «Ташкент палау» отбасылық жобасын сәтті жүзеге асырып келеді.


Әр қонақтың көкейінде: «Неге Тошкент?» деген сұрақ тұрары айқын. Жауап қарапайым. Ташкент – өзбек мәдениетінің астанасы. Өзбекстанда болған туысының шығыс тағамдарына деген ынтықтығын байқаған кезде кәсіпкердің басына идея келген. «Алдыма қойған мен мақсатты ғана көремін, кедергілерді көрмеймін» деген ұстанымды басты бағдар етіп алған соң Ақтөбеде палау орталығының тарихы бастау алды.


«Біз көптеген қиындықтарды бастан өткердік, кейде бюрократия кедергі болды. Бәрібір біз жеңе білдік. Өзбек халқында «қазан ескі болған сайын палаудың дәмі кіреді» дешен нақыл бар екен. Бұл туралы бізге Өзбекстандағы палау аспазы, көне рецепті сақтаушы айтты. Әрине, біз нағыз палаудың дәмін жеткізу үшін орталығымызға ескі қазан тапқымыз келді. Бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Өзбекстанға жасаған сапарымыз барысында мүлдем беймәлім үш өзбек жігіт ескі шойын қазандар тауып, сатып алып, жеткізуге көмектесті. Ол қазаннан ондаған жылдар бойы адамдардың тәбетін ашып келген палаудың хош иісін байқамау мүмкін емес еді. «Даму» қорының арқасында, «Сбербанк» АҚ ЕБ арқылы жеңілдетілген несиеге және 85% кепілге қол жеткізіп біз палау орталығына жаңа жабдықтар сатып алдық», – дейді кәсіпкер.

«Ташкент» шығыс тағамдары орталығының есігі дүйсенбіден сенбіге ашық. Қазандық сағат 12: 00-де ашылып, 19: 00-ге дейін жұмыс істейді, кейде палау орталығы ертерек жабылып қалады. Демек, қазан босаған және палау бітіп қалды деген сөз. Орташа есепшот - 3000 тг.