menu
Жабу

Кеңес ал!

Ocean Child: жеке тағдырдан туған өмірлік миссия!

10.02.2026

Кейде бизнес пайда табуға деген ниеттен емес, «мүмкін емес» пен «тым қиын» деген үкімдерге қарсы туған ішкі қарсылықтан бастау алады. Бұл — көнуге болмайтын жан айқайынан туған жол. Ocean Child ЖК тарихы дәл осындай. Ол — ананың жүрегіндегі алаң мен балаға деген шексіз махаббаттың жүздеген отбасының тағдырын өзгертіп жатқан, терең әлеуметтік мәні бар іске айналғанының айғағы.

2022 жылы Астана қаласында Ocean Child балаларға арналған сауықтыру орталығы өз жұмысын бастады. Оның негізін қалаушы әрі жетекшісі — ерекше баланың анасы Галиева Алия Булатовна. Ол көптеген ата-аналарға етене таныс жолдан өтті: таусылмас кеңестер, «дәл сол» бассейнді үздіксіз іздеу және үмітті әлсірететін сөздер:

«Сіздің балаңызға жүзуді меңгеру тым қиын болады».

Осы бір сәт тағдырлы шешімге айналды. Іздеуді жалғастырудың орнына, ол өз кеңістігін құруға бел буды — балаларға шектеу қойылмайтын, оларға шынайы сенім артылатын, ал нәтиже жай формалдылық емес, басты мақсат саналатын ортаны қалыптастыруды таңдады.

Ocean Child орталығының алғашқы филиалы жалға алынған ғимаратта өмірге келді. Жоба ең әуелі бос кеңістіктен басталып, біртіндеп мағынасы терең, мазмұны берік іске айналды: жөндеу жүргізілді, бассейн толық жабдықталды, кәсіби команда жасақталды, жұмыс әдістемесі мен бірыңғай стандарттар қалыптастырылды. Жобаға шамамен 50 миллион теңге инвестиция салынып, бастапқы кезеңде сенімді тірек жұбайының қолдауы болды. Дегенмен басты құндылық қаржыда емес, айқын миссия мен әр баланың әлеуетіне деген шексіз сенімде еді.

Бүгінде Ocean Child — суға жүзуді үйрететін орын ғана емес. Бұл — қауіпсіздік пен сенімге негізделген, жүйелі тәсіл қалыптасқан ерекше орта. Мұнда қалыпты дамып келе жатқан балалармен қатар даму ерекшеліктері бар балалар да жаттығады. Орталық ұстанымы қарапайым көрінгенімен, мазмұны терең: әрбір бала шын мәнінде жүзуді меңгеруі тиіс.

Сапа мен қауіпсіздік Ocean Child философиясының ажырамас бөлігі. Мұнда әрбір жаттықтырушы қатаң іріктеуден өтіп, бірыңғай кәсіби стандарттарға сай жұмыс істейді. Орталық заманауи испандық жабдықтармен, суды тазартудың тиімді жүйесімен, жөке ағашынан жасалған саунамен және қызғылт гималай тұзынан жасалған тұзды шахтамен толықтырылған. Әрбір бөлшек баланың өзін еркін, сенімді әрі қорғалған сезінуі үшін мұқият ойластырылған.

Дамудың алғашқы нәтижелері көп күттірмеді. Алғашқы уақытта орталық күніне небәрі бес баланы қабылдаса, бүгінде маусымаралық кезеңде 40–60 балаға, ал жоғары маусымда екі филиалда 100 балаға дейін қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда командада 10 маман еңбек етіп, ұжым біртіндеп кеңеюде.

Ocean Child тарихындағы маңызды кезең — жобаның ауқымын кеңейту болды. Балалар санының тұрақты артуы орталық қызметін ұзақ мерзімге жоспарлауды талап етті. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» - ның қолдауымен алғашқы ғимарат сатып алынып, бизнес іргетасы нығайтылды. Сонымен қатар АО «ForteBank» арқылы тартылған қаржы есебінен арнайы жабдықтар алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ екінші филиал ашылды. Ал «Даму» қорының кепілдігі аясында міндеттемелерді АО «Alatau City Bank» қамтамасыз етуі жобаның қаржылық тұрақтылығын арттырып, орталық қызметін пайдаланатын отбасылар санын едәуір ұлғайтты.

Ocean Child үшін ең басты жетістік — статистика мен ғимарат көлемі емес. Бұл — жүзуді меңгерген балалардың қуанышы. Оған оңай жеткендер де, бір кездері «мүмкін емес» деген үкім естігендер де бар. Орталық ерекше балаларды қоса алғанда, балаларға арналған жарыстар ұйымдастырып, барлық шығынды өз мойнына алады, мүгедектігі бар балалар мен көпбалалы отбасыларға жеңілдіктер ұсынып, ата-аналарға да жан-жақты қолдау көрсетеді.

Алда — жаңа белестер. Жақын жылдары команда Ocean Child Academy атты жаттықтырушыларды даярлайтын академия ашуды жоспарлап отыр. Болашақта франшиза дамытып, жобаны Қазақстанның өзге қалаларына кеңейту көзделген.

Ocean Child тарихы — жеке жан толғанысының қоғамдық маңызы бар іске ұласуының жарқын үлгісі. Бұл — адамгершілікке негізделген кәсіп, сенім мен жүйелілік туралы және кейде ең маңызды жол өз балаңа көмектесуге деген бір ғана шынайы ниеттен басталатыны жайлы тағылымды хикая. Ocean Child миссиясы өзгеріссіз: әр бала қандай ерекшелігі болса да қауіпсіз ортада болып, міндетті түрде жүзуді меңгеретін кеңістік қалыптастыру. 

Қабанбай батыр даңғылы, 56А. Әлихан Бөкейхан көшесі, 25А

Телефон: +7‒775‒041‒54‒15

Instagram: @oceanchild.astana