Кеңес ал!
2011–2012 жылдары Бахит Ахунбайқызы балаларына лайықты балабақша іздеді. Алайда қараған мекемелердің ешқайсысы оның талаптарына сай келмеді. Осы сәттен бастап оның санасында маңызды шешім қалыптасты — сапалы балабақшаны өзі ашу.
Идеяны ол жұбайымен ақылдаса отырып жүзеге асыруды жөн көрді. Сол кезеңде кәсіпкердің үйі жанынан бітпей тұрған тұрғын жай бар болатын. Аталған ғимаратты болашақ балабақшаға бейімдеу мақсатында жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Алайда құрылыс толық аяқталған соң санитарлық қызмет нысанның қолданыстағы нормаларға сай еместігін анықтады.
Бұл жағдай кәсіпкер үшін үлкен сынақ болды. Жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы жұмсалғанына қарамастан, Бахит Ахунбайқызы бастаған ісінен бас тартқан жоқ. Ол барлық санитарлық және құрылыс талаптарын қайта зерттеп, ғимаратты нормативтерге сай толық жаңғырту туралы шешім қабылдады. Бұл үдеріс тағы бір жылға созылды.
Нәтижесінде 2014 жылдың 1 маусымында балабақша жұмысын бастады. Осы кезеңде кәсіпкер маңызды қағиданы айқын түсінді: кез келген бизнесті, әсіресе әлеуметтік бағыттағы кәсіпті, тиісті органдармен кеңесе отырып, заң талаптарына толық сай жүргізу қажет.
Ашылғаннан кейін де қиындықтар жалғасты. Балалар саны бірден толықпады, ал қызметкерлердің жалақысын уақытылы төлеу өзекті мәселеге айналды. Жауапкершілікті бірінші орынға қойған Бахит Ахунбайқызы ұжымды сақтап қалу үшін қарыз қаражаттарын тартуға мәжбүр болды.
Бұл жылдар кәсіпкер үшін оңай болған жоқ. Кей кездері балабақшаны сатып жіберу туралы ойлар да туындады. Алайда табандылық пен жауапкершілік өз нәтижесін берді: уақыт өте келе қарыздар жабылып, балабақша өз беделін қалыптастырды. Балалар саны артты, жұмыс тұрақты жүйеге түсті.
Уақыт өте келе нарық пен бәсекелестерді жүйелі түрде талдай отырып, балабақшаны жаңғырту және материалдық-техникалық базаны күшейту қажеттілігі туындады. Осы мақсатта Бахит Ахунбайқызы «Даму» қоры арқылы ұсынылатын мемлекеттік қолдау бағдарламасын пайдаланып, қаржылық жүктемені азайтты. Нәтижесінде балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мекеме жаңа заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.
Бүгінде Бахит Ахунбайқызы басқарып отырған балабақша — жолдасының қолдауының, кәсіби команданың бірлескен еңбегінің және мемлекеттік қолдаудың нәтижесі.
Алдағы мақсат — жинақталған тәжірибені кеңейтіп, басқа қалаларда да балабақша ашу.
Ал кәсіпкерлік жолын енді бастаған жандарға Бахит Ахунбайқызының айтар ойы бір: шыдам мен жауапкершілік бар жерде нәтиже міндетті түрде болады.
Қызылорда қаласы, М. Шоқай көшесі, 180
тел: +7 701 988 22 48
инстаграмм: @syr.balazhan.kzo