menu
Жабу

Аралдық жас кәсіпкер шыны-пластиктен қайық шығара бастады

Жаңалықтар
18.11.2016

Қызылорда облысында шыны-пластиктен ескекті қайық шығаратын кәсіпкорынды Аралдық жас кәсіпкер Жансерік Нысанбаев тұңғыш рет іске қосып, өндірісті жолға қойды. Осыдан екі жыл бұрын Жансерік Нысанбаев «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасын тиімді пайдалана отырып, корпусты жиһаз шығаратын цех ашқан болатын. Ал бүгінде бизнесін кеңейтіп қана қоймай, жаңалық та ашты. «Қазақстан Халық Банкі» АҚ берген 13,5 млн теңге несиесі мен «Даму» Қорының 44% кепілдігі арқасында ашылған кәсіпорында 7 жаңа жұмыс орнын ашылып, тапсырыспен жиһаз жасау ісі жандана бастаған. Бүгінде жиһаз цехы ауылдық аймаққа қажетті барлық түрдегі заттарды шығарады: шкафтар, ас үй гарнитурасы, ауызғы бөлменің жиһазы мен сөрелер, стеллаждар жасалуда. Кәсіпкердің айтуынша, шыны-пластиктен қайық жасау идеясы бірден туған жоқ. Ең бастысы Арал ауданындағы халықтың негізгі қызметі балық шаруашылығы болғандықтан, қайыққа деген сұраныс үнемі жоғары. Нарықты жіті тексеріп, өзінің маркетингтік зерттеуін жүргізген Жансерік Нысанбаев шыны-пластиктен қайық жасау жобасын жүзеге асыруға шешім қабылдады. Осылайша, жас кәсіпкердің жұмысшылары енді қайық жасау ісін қолға алды. Айына 3 қайық жасап шығарылуда. 

- «Жиһаз жасау саласында тәжірибем болғандықтан, мен шыны-пластиктен қайық жасау туралы ғаламтордан алған мәліметтерді тез ұғындым. Белгілі болғандай, әдісін тапсаң, сапалы қайықты жасау аса қиын емес екен. Шыны-пластиктен шыққан қайықтар өте жеңіл, бірақ мықты болып келеді. Олардың жарамдылық уақыты ағаш пен металлдан жасалған қайықпен салыстырғанда әлдеқайда көп,-дейді кәсіпкер Жансерік Нысанбаев.

Өндірісті кеңейтудің нәтижесінде кәсіпкер қосымша 3 жаңа жұмыс орнын ашып, қарамағындағы жұмысшылар санын 10-ға жеткізді. Компания тек жоғары сапалы өнім шығаруға бағытталған. Сондықтан да жасалу кезінде әрбір тетігіне аса мән беріледі. Жансерік Нысанбаевтың айтуынша, өнім сапалы ғана емес ай, бағасы да қолжетімді.

«Қайық жасау бизнесін зерттеу кезінде менің түсінгенім, импорттық өнімдерге қойылатын жоғары баға ең бірінші олардың жеткізілуіне кететін шығындардың әсерінен екен. Біздің тарапымыздан тасымалдау шығындарының жоқтығын ескерсек, өз тауарымызға тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыратындай өте тиімді баға ұсына аламыз,-деді Жансерік Нысанбаев.

Қайықты жасауға қажетті шикізатты кәсіпкер Испаниядан тапсырыспен алдырады. Оның сөзінше испандық шыныпластик өте сапалы, әрі мықты. Бүгінде Жансерік Нысанбаев кәсіпорнына қосымша қаржы тарту мақсатында «Даму» Қорының кепілдігімен ЕДБ несие алу үшін құжаттар жиынын дайындау үстінде. Несие қаражатының көмегімен ол моторлы қайық шығаруды және өнідіріс көлемін арттыруды қолға алмақшы.