6 - 7 қазан күндері Талдықорғанда «Шырақ мүгедек әйелдер қауымдастығы және «Даму» Қорының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі 13, оның ішінде жетеуі құлағы естімейтін әйелдерге арналып «Мүгедек әйелдердің кәсіпкерлік дағдыларын қолдау» жобасы аясында тренинг өтті. Тренинг әу баста мүгедек әйелдердің пайымына арналғанмен, бұл жолғы жиынның кілтипаны көп болды деуге болады. Себебі тыңдаушылар – құлағы естімейтін жандар еді. Сондықтан да сурдоаудармашының арада қызмет еткеніне қарамастан, ортақ тіл табу мәселесі тұрды. Дегенмен, әңгіме барысында оларды жұмыс табу жайы қатты алаңдататыны байқалды. Осы себеппен де олар бұйығы күн кешеді.
Қатысушылар жұмысқа орналасқан күнде де елмен тіл табысып кету оңай болмайтынын айтады. Соған қарамастан жиналғандардың ішінде төрт әйел өз кәсібін жүргізуден хабары бар болып шықты. Олардың екеуі уақытша істерін тоқтатқанын да айтты. Оған кәсіпкерлік саласында тәжірибелерінің болмауы себеп болған. Осы себептен олардың бизнесі шығынға бата бастаған. Тренер Мәлік Мұсабеков бұл қиындықтан шығу жолын айтты.
Қыздар өздерін жұмыспен қамтудың ең ыңғайлы жолы – Қазақ саңыраулар қоғамының өндірістік базасын қайта құру дегенді айтты. Себебі бәсекелестік жоғары нарықта еркін қанат жайып кету оңай емес. Олар өздеріне арналған бөлек нысандар, мысалы жеке дәмхана құру керектігін айтты. Тренер Ляззат Калтаева бұл ұсынысты талдай келе екі мәселені анықтады. Біріншісі сурдоаударма сағаттарының аздығы болса, екіншісі көпшіліктің мұндай жандардың қоғамға араласып кетуіне кедергі келтіретін кейбір келеңсіз көзқарастары.
Тренинг соңында тренерлер қыздардың өзіне деген сенімдерін нығайтып, түрлі идеялар тастады.
Бұл жоба асында ҚР аумағындағы 16 қалада тұратын, түрлі деңгейлі мүгедектігі бар 180 әйелді оқытып, олардың ішінде 90 нәзік жанды іріктеп алып, түрлі салалар бойынша оқытып шығу көзделген. Атап айтқанда:
• Кәсіпорындағы бухгалтерлік есеп;
• call- орталық операторы. Офис-менеджер;
• Тігіншілік;
• Бизнес жоспарлар жасау негіздері.
Қазіргі кезде 50 әйел оқудан өтті.