«Мен үшін үй, үйдегі жайлылық дегенде - жаңа піскен нан, туыстар, ыстық шәй бар дастархан басындағы көңілді сәттер елестейді. Сондықтан, жұбайым Бауыржанмен бірге бизнес бастарда бірден нан пісіруді ойға алдық»,-дейді «Нан әлемі» ЖК басшысы Шолпан Рыспаева.
Отбасылық бизнес 2015 жылы басталды. Алдымен тандыр нан жауып, пита пісірді. Көп ұзамай бөлке нан шығара бастады. Қол еңбегі болғандықтан көлемі көп болмады. Күніне 1,5 -2 мың бөлке нан ғана шығатын еді.
2019 жылы кәсіпкер «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен жабдық сатып алды. 2020 жылы компания өндірісті жаңғыртуды жалғастырып, мемлекеттік қолдауға қайта жүгінді. «Центр Кредит Банк» арқылы 43 млн теңге несие алды. Бұл ақшаға компания қамыр илейтін және ашытанын машиналар мен пештер сатып алды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында он бес пайыздық несиені мемлекет субсидиялағанның арқасында кәсіпкер алты пайызбен ғана өтейді. Өз кепілдіктері жеткіліксіз болғандықтан, «Даму» Қоры 21,5 млн теңгеге (несие сомасының 50%-ы) кепілдік берді.
Шолпан Рыспаеваның айтуынша, жаңа құрал-жабдықтардың арқасында іс алға жылжыған.
«Бұрын наубайлар бәрін қолмен жасайтын. Сол себепті көп өнім шығару үшін пешті тоқтатпайтынбыз. Мемлекеттік бағдарлама мен «Даму» Қорының арқасында біз өндірісті жаңғыртып, өндіріс көлемін ұлғайттық. Күніне 9-10 мың дайын өнім шығарамыз. Өнімнің жартысы - бөлке нан. Жақын арада кондитерлік цех ашамыз», - дейді кәсіпкер.
Павлодар қаласы, Транспортная 6,
+ 7 702 871 60 85