Мемлекеттік қолдау шараларында әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі басым
Қазақстан халқы жалпы санының 51%-ы әйелдер болса, жұмыспен қамтылған халықтың 49%-ын, яғни тең жартысына жуығын құрайды. Ал ЖІӨ-дегі әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі 39%.
The Boston Consulting Group (BCG) халықаралық компаниясы талдаушыларының 2019 жылы берген мәліметтері бойынша, әлемде әйелдер басқаратын бизнес нәтижелі болып келеді екен. Кейбір мемлекеттерде арулар басшылық ететін компаниялар жалпы ішкі өнімнің 50-60%-ын береді. Мысалы, АҚШ пен Германиядағы мұндай кәсіпорындардың ЖІӨ-дегі үлесі 50-52% болса, Жапонияда 55%, Италияда 60%.
Қазақстан жағдайды біртіндеп өзгертіп, елдің ЖІӨ жалпы құрылымындағы әйелдер кәсіпкерлігінің үлесін кезең-кезеңмен арттыруда. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауында: «гендерлік теңгерімді қамтамасыз ету, отбасы институты, көп балалы аналарды қолдаумен қатар әйелдер кәсіпкерлігін қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі»,-деп атап көрсетті.
Осы саладағы мемлекеттік саясаттың белсенді операторы – «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Қазақстанда бизнес ашам деген арулар осы ұйымнан қолдау ала алады.
Былтыр қараша айында Қазақстан «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының атқарушы кеңесіне сайланды. Бір жыл бұрын Нью-Йорктегі «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының штаб-пәтері «Даму» Қорының «Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру қағидаларын» қолдау туралы мәлімдемесіне қол қоюын мақұлдаған болатын. Бұл құжатқа Google, Citigroup Inc, Nasdaq, PwC, Ernst&Young және Coca-Cola сияқты 2639 компания қол қойды. Қазақстанда «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін ел үкіметімен серіктестікте жұмыс істейді. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Азаматтық қоғам ұйымдары, сондай-ақ «Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру қағидаттарына» қол қоюшы компаниялар өзара серіктестер болып саналады.
«Даму» Қоры халықаралық бастамаға қосылды және осы бағытта жұмыс істеп келеді. Қордың соңғы онжылдықтағы әйелдерді қолдауға арналған бес ірі қаржылық құралын атап өтуге болады. Олар: Азия Даму Банкінің (АДБ) несиелері, әйелдер кәсіпкерлігін несиелеу үшін екінші деңгейлі банктерде қаражатты шарттасып салу бағдарламасы, Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) «Бизнестегі арулар» бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы. Соңғы бағдарлама аясында екі бағыт белсенді жұмыс істеуде. Олар: несиеге ішінара кепілдік беру және сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау. Осы бес бағдарламаның арқасында әйелдер Қордың барлық бағдарламалары бойынша қаржылық қолдау алған кәсіпкерлердің жалпы санының 57,6% үлесін құрап тұр. Айта кетерлігі, әйелдер бизнесіне тартылған қарыздардың мөлшері салыстырмалы түрде қомақты емес. Мұны – ақшалай алғанда бұл көрсеткіш барлық қолдау алған жобалар сомасының небәрі 12%-ын құрайтынды айғақтайды. Егер республиканың несие нарығы ауқымында бағамдасақ, банктерде немесе басқа қаржы ұйымдарында бизнес үшін несие ресімдейтін әйелдердің саны айтарлықтай. «Бірінші кредит бюросы» ЖШС деректері бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілеріне берілген барлық қарыздардың 52%-ы аруларға тиесілі.
ШОБ қаржылай қолдау бойынша мемлекеттік және «Даму» Қорының өз бағдарламаларының нәтижелері:
Егер Қазақстан экономикасының гендерлік құрылымын талдайтын болсақ, онда мынадай көріністерді байқауға болады: әдетте әйелдер бизнесі болып саналатын салаларда арулардың саны басым – білім беру (67%), денсаулық сақтау (53%), сауда (54%). Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда (61%), қонақ үй және тамақтану бойынша қызметтерде (58%) берік орын алған. Бұл ретте олар ерлерге тиесілі болып саналатын салаларда да бизнесін дөңгелентіп отыр. Олар: өнеркәсіп (30%), байланыс (38%), құрылыс (23%) және көлік (19%).
Қазақстандағы табысты әйелдер бизнесі деп Алматыдағы заманауи кәсіби киім тігетін «КазСПО-Н», Тараздағы кондитерлік өнімдер шығаратын «Сәуле», Атыраудағы «Marvel Dental Kids Clinic» стоматологиялары, Шымкенттегі медицина бұйымдарын жасайтын «Marai E7 Group» компанияларын атауға болады. Бұл компаниялар COVID 19 пандемиясынан туындаған дағдарыс кезінде-ақ айтарлықтай маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында олар 181 жұмыс орнын сақтап, 107 жаңа жұмыс орнын ашты. Өнім шығару 12%-ға, яғни 722,6 млн теңгеге дейін ұлғайды, екі есе артық салық төленді. Бұл – әйелдер басқаратын қазақстандық компаниялардың тиімділігін көрсетеді.
Статистика бойынша әлемде әйелдерге ШОБ-қа бөлінген барлық несиелердің 9%-ы беріледі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, әйелдер бизнесте барынша тиімді болуға тырысады, өз қаражаты есебінен жұмыс істеуге ұмтылады, басын тәуекелге аз тігеді.
Қазақстанда да әйелдер белсенді. Кез келген жағдайда сырт қалмайды. Бизнесте де білек сыбанып еңбек етіп жүр. Мемлекеттік саясат пен көрсетіліп жатқан қолдау шараларының арқасында кәсіпкер әйелдер саны артып келеді.