«Адем - Жан» ЖШС ұжымы бизнесте жеткен табысын үлкен сұранысқа ие өнімнің өндіріс көлемін ұлғайтуымен байланыстырады.
2010 жылы Қызылордада негізгі жұмыс бағыты мұнай және құрылыс компанияларына жүк тасымалы қызметін көрсететін «Адем- Жан» ЖШС құрылды. Ол кезде бар болғаны үш аударғыш жүк көлігі ғана болған. Алайда кәсіпорын бір жылдан кейін «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы ретінде жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, бетон-қопсытқыш құрылғы сатып алды және соның арқасында бетон қоспасының өндірісі жөнге келіп, бизнесте жоғары деңгейге шығуға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік туды.
Соңғы жылдары Қазақстанда құрылыс қарқынды өсіп, қалыппен құйып үй салу әдісі кеңінен қолданылуда. Аталған технологияның өз кемшіліктері жоқ емес. Осы технологиямен құйылған бетонның сапасы мен ұзақ мерзімге жарамдылығына оны орнатуға көп күш жұмсалуы және қалыпты бөлшектеу, нысанға бетон қоспасын тасымалдау, қыс мезгілі сияқты мәселелер әсер етеді. Сондықтан да құрылыс саласында осы жайтты түбегейлі шешу қажеттілігі туындады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұны құрылысты индустриализациялау арқылы шешуге болады. Индустриализациялаудың ең тиімді жолы әрекет етуші темір бетонды зауыттар базасында жоғары технологиялық құрылымдарды және тұрғын үйлер мен ғимараттардың құрылысына қажетті бөлшектерді өндіру болып табылады. Өндірісті жетілдіру уақыт талабы болғандықтан, «Адем - Жан» ЖШС осы саланы таңдады.
Кәсіпорын басшысы Нұрболат Дүйсеновтың айтуынша, жаңа заманғы технологияны ендіру мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асты. Кәсіпорын өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, қосымша импортты құрал-жабдықтар сатып алды. Автоматтандырылған желілерде өнімдердің алуан түрлері шығарылады. Жаңа өндірістің іске қосылуы нәтижесінде компания қызметі әлдеқайда кеңейді. 2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында компания КБИ мөлтек ауданындағы және Шіркейлі ауылындағы орта мектептің құрылысына, Қызылжарма ауылдық округінде амбулатория салу мен құрама жем зауытының құрылысына қатысты. Қазіргі таңда кәсіпорын 100-ге жуық жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.
Осы жетістіктердің барлығы мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке көрсетіліп отырған қолдау нәтижесі,—дейді Н. Дүйсенов. «Нұрлы жол», «Қолжетімді баспана» бағдарламаларының аясында тұрғын үйлердің кең ауқымды құрылысы жүрді және біз де осы бағытта өз күшімізді сынап көрдік. Елбасының дағдарыс шағы – бұл тек қиындықтар уақыты емес, сондай-ақ алдағы даму мен өсуге жаңа мүмкіндіктер беретін мезгіл деген пірікі өте дұрыс деп есептеймін. Және осындай мүмкіндікті жіберіп алмау қажет»