Қызылорда қаласының орталығында жаңа «Достық» қонақ үй кешені салтанатты түрде ашылды. Аумағы 1 940 шаршы метрден аса кешеннің құрылысына 320 млн теңге жұмсалды. Оның ішінде 175 млн теңге «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында «Ресей Жинақбанкі» ЕБ АҚ арқылы рәсімделген несие.
Жобаны Мырзабай Шалғымбаев басқарып отырған «Ахат+ГС» ЖШС жүзеге асыруда. Қызылорда қаласының қонақ үй нарығында тұрақты өсім байқалады. Қонақ үйлер саны артып, ондағы көрсетілген қызмет көлемі 2,5 есеге көбейген.
Міне сондықтан да аталған компания тұрақты дамып келе жатқан бизнесін әртараптандыру мақсатында мемлекеттік қолдау аясында жаңа бағытты қолға алды. Компания соңғы үлгідегі және жоғары сапа талаптарына сай келетін ғимараттың құрылысын аяқтау үшін «Даму» Қорының 50% кепілдендіруімен 175 млн теңге несиеге қол жеткізді. Сондай-ақ кәсіпорынның берешек ауыртпалығын жеңілдету мақсатында несиенің 7% үстемесін мемлекет өтейді.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындар атынан кәсіпкер М.Шалғымбаевқа аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа қонақ үйдің қала бойынша ең үлкен орталықтардың бірі екенін және қала тұрғындары мен қонақтары тұрақтайтын жайлы әрі қолайлы орынға айналатынын ескере кетті. Айта кететін тағы бір жайт, жоба аясында 20 тұрақты жұмыс орыны ашылды.