«Қазкоммерцбанк» АҚ Жамбыл облыстық филиалында «Жұлдыздарға қара» жобасының жеңімпаздары марапатталды.
«Бизнес бастау үшін батылдық қажет. Ал мүмкіндігі шектеулі жан үшін екі есе ерлік. Сіздердің әр қайсыларыңыздың өмірлеріңіз өзгелерге үлгі боларлықтай. Егер байқау ойға алған істеріңізді жүзеге асыруға септігін тигізсе, біз аса қуаныштымыз»,-деді «Казкоммерцбанк» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Руслан Жайшаев.
«Даму» қоры Жамбыл обыстық филиалының құзыретті арттыру бағдарламалары бойынша бас менеджері Есжанов Жасұлан бұл жоба мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер азаматтар үшін айрықша мүмкіндік екенін атап өтті. Себебі мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге дәл осы жобадай тиімді қаржылық қолдау тетігі жоқ.
«Жұлдыздарға қара» жобасы бойынша грант қаржысын алған кәсіпкерлердің бірі - үшінші топтағы мүгедек Ахметова Шолпан. Кафе меңгерушісі болып жұмыс атқарғанмен сырқатынан кейін жұмыстан шығуға мәжбүр болды. Қол қусырып қарап отырмау үшін әрі күн көріс мақсатында Шолпан үйде отырып ересектер мен балаларға киім тіге бастады. Бірақ ойлағанын толық жүзеге асыруға құрал-жабдығы жеткіліксіз еді.
«Мен, өз кәсібімді бұған дейін де кеңейтпек болғанмын. Алайда оны несиеден сескенетінмін. Себебі менің бизнесім әлі аяғына нық тұрған жоқ. Ал Қазкоммерцбанк, «Даму» қоры және «Құс жолы» қорының арқасында, бұл арманым жүзеге асты»,-дейді жеңімпаз.