Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Жанат Мырзақұлова жартылай дайын өнім шығаратын цех ашты.
2014 жылы шағын цех ашқан кәсіпкер «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп, жинаған қаражатын қосып, үлкен цех салды. Сонымен қатар қарыз ақшаға бизнеске керекті құрал-жабдықтар, тоңазытқыш пен ет тартқыш сияқты өзге де жабдықтарды сатып алды. Өнімді нарыққа өткізбес бұрын сәйкестік сертификатына қол жеткізді. Дегенмен дайын өнімді дүкендерге жеткізіп беруде қиындық бары рас. Кәсіпкер қазір өнімдерді жалдамалы көлікпен тасымалдауда.
Жыл басында Жанат Мырзағұлова «Даму» Қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп, бизнесін дамытуға кеңес алып, гранттық қаржыландыру бағдарламасы жайлы мәлімет алды. Осыдан соң Жанат «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясындағы байқауға өтініш беріп, комиссия оның жобасын қолдап, ауылдық кәсіпкер 1 млн 195 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алды. Бұл қаржыға соңғы үлгідегі буып-қаптауға арналған құрылғы сатып алынды.
Жанат Мырзақұлованың өнімдері «Каракеткен» Үй тұшпарасы» брэндімен Қызылорда қаласындағы супермаркеттерде және Жалағаш кентінің сауда үйлерінде сатылуда.
— « Бизнеске отбасы мүшелері толық тартылған. Осының нәтижесінде өзіміздің әлеуметтік жағдайымызды жақсартып қана қоймай, бірнеше ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып отырмыз. Бүгінде өзінің мақсаты мен өмірдегі орнын ізденген жандарға жаңа шағын өндіріс бастау тиімді. Бұған өз ісім дәлел. Тәжірибеме сүйене отырып, ауыл кәсіпкерлері ауылда шағын өндірістер құру бағытында жұмыс жасау керек деп сенімді түрде айта аламын. Ал нақ өзімнің таңдауыма келетін болсақ, тұтынушы тарапынан үлкен сұраныстың болуы және оның күн санап артқанын байқай отырып, еттен жартылай дайын өнім шығаруға шешім қабылдадым. Олардың дайындалуына көп уақыт қажет емес, «толыққанды» тағамдарды алмастыра алады. Қызмет көрсеткен осы екі жыл ішінде шығаратын өнім көлемін айына 500 келіден екі тоннаға дейін көбейте алдық. Сонымен қатар, өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік берген жаңа заманғы құрал-жабдықтарға да қолымыз жетті. Ендігі жоспарымыз арнайы тасымалдау көлігін сатып алу. Жақсы өмір сүгің келсе, аянбай еңбек етуің керек деп ойлаймын. Осы мақсатта еліміз барлық тиісті жағдайды жасап, мүмкіндіктер беруде»,—дейді жеке кәсіпкер Жанат Мырзақұлова.