Қазіргі уақытта «Даму–Ақжайық» Аймақтық бағдарламасы бойынша жылына 8,5% пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиені 9 кәсіпкер алды. Олар үшін бұл келісім ең тиімді шарт болып саналады. Қаржыға қол жеткізген жобалар арасында автосервис, жолаушылар тасымалы, білім беру орындары, ауыл аймақтарда азық-түлік өнімдерін бөлшек-көтерме сату, кондитер өнімдерін өндіру жобалары бар.
Негізінен ауылдық жерлердегі бизнесті қаржыландыруға басымдық беріледі. Облыста несиеге қол жеткізген 9 жобаның үшеуі ауылдан. Оның ішінде екеуі ісін жаңа ашып жатқан кәсіпкерлер.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры бірлесіп, 1 млрд теңге көлемінде қаражат шағын және орта бизнес субъектілерін несиелердіру үшін бөлінген болатын. Бизнестің аймақтардағы даму ерекшеліктерін ескере отырып, бағдарламаның негізгі талаптары қарастырылған. «БЖК 2020» бағдарламасы бойынша ЭҚЖЖ-ның 4 941 (автомобиль көлігімен жүк тасымалдау) экономиканың басым секторларынан алынып тасталған. Ауыл кәсіпкерлерін қолдауға ерекше назар аударылған. Несиенің ең жоғарғы сомасы – 50 млн теңге, одан асатындай болса Өңірлік үйлестіру кеңесінің талқысына салады. Инвестициялық қарыз 84 айға, айналым қаражатын толықтыру үшін – 36 айға беріледі.
Негізгі нысаналы топ – ауыл кәсіпкерлері мен жастар (29 жасқа дейін) және ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер. Оларға несие салалық шектеусіз беріледі. Қалған кәсіпкерлер экономиканың басымдық берілетін салаларына жататын жобаларды жүзеге асырған жағдайда аталған бағдарламаға қатыса алады. Несие инвестиция мен негізгі құралдарды жаңарту мен айналым қаражатын толықтыруға беріледі.