«ГазТрейд» ЖШС Қызылорда облысы бойынша метан түріндегі өндірістік газды шығарумен айналысатын жалғыз кәсіпорын. Компанияның негізі 2009 жылы қаланып, ішкі және сыртқы газ құбырларын газдандыру қызметін көрсете бастады. Көп жылдық тәжірибе мен экологиялық отынға деген автокөлік иелері тарапынан түсетін үлкен сұранысты ескере отырып, компания метан шығаруды қолға алумен қатар, газ толтыру бағаналары бар 5 автоматты газ құятын автомай станциясын ашты. Бұл жобаның жүзеге асуы мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы мүмкін болды. «ГазТрейд» ЖШС директоры Берік Тұрахметовтің айтуынша, мекеме «Даму» Қорынан кеңес алып, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие рәсімдеген.
«Даму» Қоры арқылы компания ДБ «Сбербанк» АҚ 354,9 млн теңге көлеміндегі несиені 14% үстемемен рәсімдеді және оның 7 % мемлекет тарапынан субсидияланады. Осылайша, компанияның несиені төлеу кезіндегі берешек салмағы екі есеге азайды.
Жаңа жобаның жүзеге асуы қосымша 10 жұмыс орнын ашу арқылы компанияның штатын екі есеге ұлғайтып, айналым бірнеше есеге артты.
- «Жанармай орнына газ пайдалануға сұраныс күн санап артуда. Себебі бензинге қарағанда газдың бағасы 2,5 есе арзан және оның шығыны да төмен. Көптеген автокөлік иелері қаржы үнемдеу мақсатында көліктерін газды отынға сай қайта жабдықтауда. Бір жылдық еңбек нәтижесінде байқағанымыз, газбен жүретін көліктер саны көбейді және біздің тұрақты клиенттеріміздің қатарында қалалық маршрут қозғалысындағы табиғи газбен жүретін автобустар да тұрақты тұтынушыларымыз,-дейді Берік Тұрахметов.
Ескере кетсек, табиғи газ өзінің төмен құнымен ғана сұранысқа ие болып отырған жоқ, сондай-ақ ол қоршаған ортаға зияны жоқ экологиялық таза өнім болып табылады. Мемлекеттің қолдауы аясында «ГазТрейд» ЖШС ISO 9001:2008 стандартына сай келетін жоғарғы сапалы газ отынын шығаруға мүмкіндік беретін жаңа заманғы құрал-жабдықтар сатып алды.
- Біздің компания аймақтағы метан өндіретін жалғыз өндіруші кәсіпорын. Тәулігіне 9400 текше газ шығарамыз. Бүгінгі таңда өзге де автокөліктерге метанға сай құрылғыларды орнату арқылы сату көлемін арттыруға жұмыс жасап, кәсіпті кеңейтуді жоспарлаудамыз,-деді «Газтрейд» ЖШС директоры Берік Тұрахметов.