«Той дастарқанның» тәттілері

Жаңалықтар
29.06.2016

Бүгінде ақтөбелік кәсіпкер Шара Жакупованың «Той дастарқан» кондитерлік цехын білмейтін адам кемде-кем. Қай күні барсаң да дүкендері тәт­ті сатып алуға келген тұтынушыларға толы.

Бұл салада бұрыннан тәжірибесі мол Шара Жакупова осыдан бес жыл бұрын жеке ісін бастауға бел буады. Сөйтіп, 2011 жылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы несие алып, шағын ғимаратты жалдап, сүйікті ісін қолға алады. Алғашқы үш айда мамандарды жинап, Алматы қаласынан белгілі кондитер маман Артем Смирновты шақырады. Ол цех жұмысшыларына бір ай бойы тәттілердің түр-түрін жасауды үйретіп, шеберлік сабағын өткізеді.

— Сонау Кеңес үкіметі тараған тұста жұрттың көбі сауда-саттыққа бет бұрды. Мен де сол салаға кетіп, дүкен, мейрамханаларға азық-түлік тасып жүрдім. Сол кездері кейбір мейрамханаларда шағын кондитерлік цехтар жұмыс жасайтын. Соларға қызығып, мен де осы кәсіпті қолға алғым келді. Сөйтіп, өзімді сынамақ болып, 2011 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы субсидиямен 10 жыл мерзімге «Қазақстан Халық Банкінен» 31 миллион теңге несие алдым. Банк басшылығы мақұлдап, «Даму» қоры менің осы кәсіпті ашуыма көмектесті. Сондай-ақ, мемлекеттен кепілдік алып, шағын ғимаратты жалдап, өз ісімді бастадым. Алғашында қарамағымдағы жұмысшылардың саны санаулы болды. Кейін өнімнің түрлерін көбейтіп, тәжірибелі мамандарды жұмысқа қабылдадым. Ісім оңға басып, бүгінде кәсібімнің берекесін көріп отырмын, — дейді кәсіпкер.

Ізденісі мен пысықтығының арқасында Шара өз кәсібін дөңгелетіп, өнімдері үлкен сұранысқа ие болады. Кәсібін кеңейтпек болған ол араға екі жыл салып, 2013 жылы үш қабатты жаңа ғимаратты сатып алады. Өнімдерінің түрін көбейтіп, кондитер мамандарды цехқа жұмысқа қабылдайды.

Қай салада да ең алдымен еңбектену керек. Менің бүгінге дейін жеткен жетістігім сол еңбектенудің арқасында деп ойлаймын. Сондықтан өзім сияқты кәсіпкерлердің жұмысын, еңбегін жоғары бағалаймын, — дейді Шара Өтепқызы.

Әуелде бөлке мен торттың бірнеше түрін жасаудан бастаған шағын кәсіпорынның әлеуеті бүгінде айтарлықтай. Қазір мұнда кондитерлік өнімдердің түр-түрі дайындалады. Атап айтсақ, торт пен пирогтың 30 түрі, печеньенің 20 түрі, бөлкенің он шақты түрі, ұлттық тағамымыз — жент, сондай-ақ, әр ұлттың тәттілері — чак-чак, тәтті қытырлақ нан, т.б.

Кәсіпкердің айтуынша, жыл сайын кондитерлер мен аспаздар Алматы, Астана және Мәскеу қалаларына барып, шеберлік сабақтарына қатысып, біліктіліктерін арттырады. Тәжірибе алмасу және жаңа технологияларды игерту үшін Ресейден мамандар шақырылады. Бизнестің бірегей ерекшелігі — өнімдерді табиғи ингредиенттерден жасап шығару, айрықша өнімді дайындау, яғни тұтынушының таңдауын қамтамасыз ету.

Жақында Мәскеу қаласына Инна, Айымгүл, Саша есімді аспаздарымды шеберлік сабағына қатыстырып, тәжірибе алмасып қайттық. Ресейлік кондитер мамандар өздерінің білгендерін үйретіп, қыздарымның жұмыстарын «жақсы» деп бағалады. Әсіресе торттарды сәндейтін мастика маманы Айымгүл Пралиеваның мастикадан жасаған ханшайым, тұлпар, мыстан кемпірдің бейнелері мен әдемі гүлдерін мәскеулік белгілі кондитер Анна Гальч ерекше мақтады, — дейді Шара Жакупова.

Кондитер өндірісі — әйел адамға тән бизнес, сондықтан «Той дастарқанда» негізінен қыз-келіншектер жұмыс істейді. Бүгінгі күні Шараның қарамағында 35 маман бар. Барлығы — ұйымшыл, еңбекқор. Цехтағы аспаздардың ең үлкені Надежда Евграфова биыл зейнетке шығыпты. Ал ең жасы — жиырмада. Қазір олар жаз айларында түсетін тапсырыстың көбеюіне байланысты қызу жұмыс істеп, ақтөбеліктерге тәттілердің түр-түрін ұсынуда.

Цехтағы аспаз, кондитер мамандарынан басқа төрт дүкеншім бар. Олардың екеуі цех жанындағы дүкенде, екеуі 8-шағын аудандағы «Алтай батыр» базарындағы дүкенде тұрады. Дүкеншілерім адал, жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды.

Жаз айларында қалада той, туған күндер көбейеді. Сондықтан қазір тапсырыс та көп түсіп жатыр. Тіпті дайындап үлгермей жатырмыз,—дейді кәсіпкер.

Әңгіме арасында Шара Өтепқызы кондитерлік цехын не себепті «Той дастарқан» деп атағанын да айтып өтті. Оның айтуынша, қазақ халқының ең үлкен қазынасы, мерекесі — той. Ал «дастарқан» — киелі ұғымдардың бірі. «Қазақтың тойы көп болып, дастарқаны үнемі молшылыққа жайылсын деген ниетпен атаған едім»,—дейді ол.

«Кәсіп түбі — береке» деген ұстанымды кәсіпкер бүгінгі күні қызы Салтанатты да осы кәсіпке баулып жүр. Қазір Салтанат цехта аспаз болып істейді.

Болашақта осы кәсіпті қызым жалғастырып, отбасылық бизнес ретінде дамытса деймін. Жоспар көп, тек уақыт қажет. Кәсібіміздің берекесін көріп, елге осылай қызмет етсек соның өзі бізге жетіп жатыр. Алдағы уақытта ақтөбеліктерді тағы да тәттінің түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында жаңа идеяларды қолға алып жатырмыз, — дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер, сонымен қатар «Даму» қорының қаржылық емес қолдауына ие болған. «Топ-менеджмент», «Іскерлік байланыстар», «Даму Көмек» жобаларына барынша атсалысады. Сондай-ақ «Қазақстанда жасалған» Қазақстандық тауар өндірушілер көрмесіне қатысып келеді.