menu
Жабу

Ақмола облысының кәсіпкерлері «Қазақстанда жасалған» Ұлттық Көрмесіне қатысты

Жаңалықтар
16.05.2016

Ағымдағы жылдың 6-8 мамыр аралығында Астана қаласының «Көрме» көрме залында «Қазақстанда жасалған» Ұлттық көрмесі өтті. Аталған көрменің мақсаты - «Қазақстанда жасалған» брендін қолдау, отандық өндіруші шығарған өнімдерін көрсету.


Көрмеде Қазақстанның барлық өңірлерінен 300-ден аса компаниялар қатысты. Олардың ішінде азық-түлік, құрылыс, киім тігу, арнайы техника, сонымен қатар кәдесый бұйымдары саласында Ақмола облысынан 24 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды. Бұл кәсіпорындар ИИДМБ мен «БЖК 2020» Бірыңғай бағдарламасының қатысушылары болып табылады.



Көрме стендтерін аралау кезінде Көкшетау қаласынан «Блэк» ЖШС қатысушыларды қазақтың ұлттық тағамдары мен қонақ етті, жеке өндірісінің ұлттық ыдыстарымен ұсынды. Кәсіпорын ұлттық нақыштағы ішкі көріністі жасап, ұлттық аспаптар мен ыдыс-аяқтар өндіреді. Олар әртүрлі көлемдегі жиналмалы үстелдер, ыдыс пен заттарды сақтауға арналған ұлттық шкафтар, тапал тіреулер, асадал, кебеже, сандықтар жасайды. Компания «Даму-Өндіріс» бағдарламасының қатысушысы болып табылады.


Үш күн бойы астана қонақтары мен тұрғындары көрмеге барып, Қазақстандық өндірушілердің өнімдерін сатып алды. Сонымен қатар келушілер азық-түліктің дәмін тату байқауына қатысу мүмкіндігі болды. Онда сүт, нан, кондитерлік және шұжық өнімдерін шығаратын кәсіпорындары қатысты. Дауыс беру қорытындысы бойынша Зеренді ауданынан «Milk Project» ЖШС сүт өнімдерін өндірушілердің арасынан жеңімпаз болды. Кәсіпорынға «Халық Таңдауы» байқауында «үздік тауар өндірушісі» номинациясы бойынша жүлде берілді.


Көрменің қорытындысы бойынша барлық компанияның қатысушыларына «Қазақстанда жасалған» дипломы ұсынылды.