menu
Жабу

Жамбыл облысындағы балабақшалардағы орын тапшылығы «Даму» қорының демеуімен шешімін табуда

Жаңалықтар
20.05.2016

«Талас» мөлтек ауданында орналасқан «Медина» атты жаңа балабақшасы жақын арада өз есігін ашып, қаланың ең кішкентай тұрғындарын қабылдауға әзір. Әлеуметтік маңызды жоба «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» Жамбыл облыстық филиалының демеуімен жүзеге асты.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, облыс орталығында мектепке дейінгі оқу мекемелері тапшы болатын. Мемлекеттік балабақшаларға сыймай, жекеменшік мекемелер аз еді.

Ал бүгінгі күні аймақта Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жұмыс істейтін отызға жуық жаңа балабақша бар. Кейбір мектепке дейінгі мекемелер «Даму» қорының қолдауымен ашылды. Олардың ішінде «Медина» балабақшасы да бар.

«Бизнестің жол картасы-2020» Бірыңғай бағдарламасының шеңберінде берілген 170 млн теңге көлеміндегі несие, мектепке дейінгі оқу орындарының барлық талабына жауап беретін, заманауи балабақшаның құрылуына үлкен мүмкіндік болды.

«Жалпы жоба құны 221 млн теңге, оның ішінде 170 млн теңге «Forte bank» АҚ тарапынан берілген несие, пайыздық үстемесі 14%, оның 7%-ын «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы-2020» Бірыңғай бағдарламасының шеңберінде субсидяласа, қалған 7%-ын кәсіпкер төлейді» - деп түсіндірді, «Даму» қорының Жамбыл облысы бойынша филиалының менеджері Жасұлан Есжанов.

Үлкен екі қабатты, кең ауқымды ғимаратты алып жатқан мекеме екі жас пен алты жас аралығындағы, екі жүз елу балаға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар.

Мұнда балалардың жалпы дамуы үшін, дене шынықтыру және музыка үйірмелері қарастырылған. Сонымен қатар, келешекте толық жабдықталған жаттығу залы мен хауыз соғу жоспарлануда.

Бұл - «Анета-А» мекемесіне тиесілі екінші балабақша. Бірінші мектепке дейінгі оқу орны, осыдан бес жыл бұрын ашылған болатын. Ол да мемлекеттік–жеке меншік әріптестік шеңберінде жұмыс істейді.

Екі жүз елу орынның, бестен бір бөлігі қалалық білім басқармасының қарамағына беріледі. Осының арқасында көпбалалы және төмен табысты отбасындағы бүлдіршіндер кез-келген мемлекеттік балабақшадағыдай төлем жасап, осы балабақшаға келе алады.

Осылайша «Даму» Қорының қолдауының арқасында аймақта кәсіпкерлік нысандар жылдан жылға ұлғайып келеді. Оның ішінде әлеуметтік бағыттағылары да бар. Айталық, бүгінгі күнде «Даму» Қорының Жамбыл облыстық филиалы «Кәсіпкерлер несиелерінің пайыздық үстемесін Субсидиялау» тетігі бойынша 3 миллиард 802 миллион теңгеге 42 жоба мақұлдаса, «Кепілдендіру» тетігі бойынша 315 миллион теңгеге 15 жоба мақұлдады.

Ерекше айта кетерлігі, жалпы еліміздегі және әлемдегі ауыр экономикалық жағдайға қарамастан, Үкімет кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруды қыспартпай, керісінше ұлғайтып жатыр. Осыған орай «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» Жамбыл облыстық филиалы, өткен жылғы жұмыс көрсеткіштерін екі есеге ұлғайтуды жоспарлауда.