Құрметті кәсіпкерлер!
«Даму» қоры Сіздерді өзін «Қор қызметкерімін» деп таныстыратын алаяқтар шыққаны туралы ескертеді. Ашық дереккөздерден мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлердің жобалары туралы ақпарат жинап алған алаяқтар өздерін мониторинг бөлімінің қызметкерлері ретінде таныстыра отырып, жоба жүзеге асырылып жатқан орынға «тексеруге» барады. Жалған мониторинг барысында ереже бұзған факт тапқан болып, ауызбастырық берсе оған көз жұма қарайтынын айтып, шешім ұсынады.
Осыған орай, қатаң ескертеміз және хабарлаймыз!
Мониторинг процесі қатаң регламенттелген. Оны Қордың уәкілетті қызметкерлері ғана жүзеге асырады. Бизнес нысанға тексеріс сапарды Банк/микроқаржы ұйымының/Лизингтік компанияның қызметкерлері ғана ұйымдастырады. Олар кәсіпкерлермен тікелей байланысып, алда Қор қызметкерлері мониторинг жүргізетінін хабарлайды.
Ал «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында берілген грант жобалары бойынша да Қор қызметкерлері грант алушыларға мониторинг жүргізушінің аты-жөнін көрсете отырып, мониторинг жүргізілетіні туралы хабарлама-хатты алдын ала жолдайды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қазақстан кәсіпкерлеріне сақ болуды және осындай алаяқтық әрекетке бой алдырмауды, мониторинг жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаттарын талап етуді және мониторинг жүргізу туралы өзіне келген хабарламадағы деректермен салыстыруды сұрайды.
«Даму» Қоры атынан жалған қызметкерлер бопсалаған жағдайға кез болсаңыз – 1408 нөмірін теріп бірыңғай Call-орталыққа (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) немесе senim@fund.kz поштасына хабарласуды сұраймыз!
Төменде «Даму» Қоры тарапынан жобаларға мониторинг қалай жүргізілетіні туралы жадынама берілген.
Кәсіпкерлерге нұсқаулық
Жобалардың мониторингі қатаң регламенттелген және Қордың уәкілетті қызметкерлері ғана, мониторинг басталғанға дейін 20 (жиырма) жұмыс күні бұрын екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары немесе лизингтік компанияларға (ЕДБ/МҚҰ/ЛК) жіберген мониторинг жүргізу туралы Қордың хабарламасы негізінде жүргізіледі.
ЕДБ/МҚҰ/ЛК қызметкерлері қарыз алушыларды мониторинг жүргізу туралы хабардар етеді, несие қаражатының мақсатты жұмсалып жатқанын растайтын құжаттарды сұратады және Қор қызметкерлерімен бірге жобаны жүзеге асыру орнына баруды ұйымдастырады. Бұл ретте, жоба жүзеге асырылып жатқан жерді қарыз алушының өзі мобильді қосымша арқылы да көрсете алады. Мұнымен қатар, кәсіпкер мониторинг жүргізу туралы хабарламада көрсетілген деректермен салыстыру үшін Қор қызметкерінің жеке куәлігін сұратуға құқылы.
Ал, грант бойынша қаржыландыру бойынша қордың өңірлік филиалдары мониторинг басталғанға дейін 10 (он) жұмыс күні бұрын грант алушыларға және өңірлік үйлестірушіге мониторинг жүргізу мерзімін және баратын Қор қызметкерлерінің аты-жөнін көрсете отырып, грант арқылы қаржыландырылған жобаларға мониторинг жүргізу үшін қажетті құжаттар тізбесін көрсете отырып, мониторинг жүргізілетіні туралы хабарлама-хат жолдайды. Алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін грант алушы Қор қызметкерлерінен өңірлік үйлестіруші, Қор және кәсіпкер арасында жасалатын грант беру туралы қол қойылған шартты сұрай алады (алаяқтар оған қол жеткізе алмайды) және мониторинг жүргізу туралы хабарламада көрсетілген деректермен салыстыру үшін Қор қызметкерінің жеке куәлігін сұрата алады.
Егер жоғарыда айтылған шарттар орындалмаса сізге келіп тұрған адам – алаяқ.