menu
Жабу

«Danico»: Сіздің сәбиіңіз үшін тек ең жақсыны ұсынамыз

Жаңалықтар
26.01.2024

Сабыр Ақбота тігіншіліктің қыр-сырын әжесі мен анасынан үйренген. Қолынан іс тігу келгенмен, алға ұмтылу үшін қосымша білім қажет екенін түсінді. Ол итальяндық стильге қызығып, білікті тігіншілердің үш айлық жеке курсын оқып, түрлі киімдер тіге бастады. Кейде таңнан кешке дейін тігін мәшинесінің құлағында отыратын. Тапсырыс көбейген сайын бизнесті кеңейту керек деген шешімге келеді. Алайда уайым да жоқ емес еді.

«Істі неден бастау керек, ақша қайдан табам, әрі қарай ісім жүріп кете ме?» деген қорқыныш басынан шықпады. Өйткені Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркияның жеңіл өнеркәсіп тауарларымен бәсекелесу оңай емес екенін түсінді. Қазақстандағы киім дүкендеріндегі барлық дерлік киім шетелде тігілгенін байқау қиын емес.

Ең бастысы елімізде тігін фабрикалары жоқтың қасы. Кәсіпті олар арнайы киім тігуден бастауға шешім қабылдады. Бірақ бұл салада ісін дөңгелентіп кете алмады.

Тоқыма нарығына аз-кем талдау жасай келе, Қазақстанда жылына 400-450 мыңға жуық бала дүниеге келетінін біліп, сәбилерге арналған киімдер мен бұйымдар тігуді қолға алды. Көп ұзамай бұның дұрыс шешім екеніне көзі жетті.

«Күйеуім екеуміз ұялы телефон алып, «2GIS» қосымшасы арқылы Шымкентте балалар киімін сататын 272 дүкен бар екенін білдік. Әрқайсысының нөмірін, мекен-жайын дәптерге жазып, бірте-бірте аралап, қожайындарымен таныса бастадық. Біз оларға өзіміз жасаған киімдерді көрсетіп, ұсындық. Барлығымен бетпе-бет сөйлескеннен кейін олар бізге сеніп, кейін тапсырыс бере бастады. Осы кезеңдерде Қызылорда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Алматы, Астана қалаларынан тапсырыстар түсе бастады. Уақыт өте сатып алушылар көбейіп, қазір көтерме бағамен сатамыз», – дейді Ақбота.

Осылайша, 2020 жылы «Danico» ательесінің іргетасы қаланды. Екі тігіншімен іс бастаған цехта бүгін жиырмаға жуық адам жұмыспен қамтылған.

2021 жылы Ақбота «Даму» Қорының қолдауы туралы естіп, Шымкент қаласындағы филиалына жүгінді. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында «Банк ЦентрКредиттен» айналым қаражатын толықтыру үшін жылына 14,75%-бен қаражат алды. Оның 8,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Сондай-ақ, бизнесті кеңейту үшін 2022 жылы тағы да мемлекеттік қолдауға өтініш білдіріп, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы бойынша кәсіпорын «Банк ЦентрКредиттен» құрал-жабдық сатып алуға жылына 19,50%-бен несие алды. Ол несиенің 14,50%-ын «Даму» қоры субсидиялайды.

«Біз шикізатты Түркия, Қытай және Өзбекстаннан сатып аламыз. Тәуекелге бардық, аштық, енді олармен бәсекелес болдық. Біздің ерекшелігіміз – сұранысқа өте жылдам жауап береміз. Егер клиент бір нәрсені өзгерткісі келсе, біз оны бірден түзетеміз және бір күн ішінде дайын эскизді, ал 2-3 күннен кейін өнімнің дайын партиясын береміз. Бұл біздің ерекшелігіміз деп ойлаймыз! Болашақта балалар киімін сататын дүкен ашуды жоспарлап отырмыз», - деп Ақбота сөзін түйіндеді.

Шымкент қ., Қызыл-Жар м/ауд., 2-ші тұйық Қос-Диірмен, 2/1 ғим., ​3 қабат

Телефон: +7‒707‒569‒28‒05

Инстаграм: @danico.kz