info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408

Сұлулық, денсаулық, демалыс, жастық!

Жаңалықтар
29.01.2024

4 баланың анасы Салтанат Киналбекова 5 жылдан бері массаж жасаумен айналысып келеді. Бұл идея оған бала күтімімен үйде отырған кезде келді. Салтанаттың екі жоғары білімі бар: сақтандыру қызметінің менеджері және бухгалтер – экономист. «Қазпоштаға» кассир болып кіріп, кассалық операциялар бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Бірақ сәбилі болған соң жұмысына қайтып оралмады. Өйткені бұл кезде балаларын дамыту, көбірек көңіл бөлу деген маңызды жұмыс басталған болатын.

«Ана – дәрігер, ана – мұғалім, ана – аспаз, тіпті массаж терапевті де бола алады. Мен бар балама массаж жасадым. Сол кезде бұл істің өзіме қатты ұнайтынын байқадым. Жұрт менің массажға икемім бар екенін айта бастады», - дейді Салтанат Киналбекова.

Осылайша сүйікті кәсібін ақша табу көзіне айналдыру идеясы пайда болды. Алдымен курс оқыды, массаж туралы мәлімет жинап, білім алды, кабинетті жалға алды және пациенттер қабылдай бастады. Адамдардан алғыс жауа бастағанда Салтанаттың барлық күмәні сейіліп, дұрыс жолда екенін түсінді.

«Жұмыстағы жалғыз қиындық кабинетті жалға алу болатын. Сіз кеңсені жалға аласыз, оны жабдықтайсыз, жұмыс істей бастайсыз, клиенттер сол жерге үйренеді. Ал бір күні иесі ғимаратты сататын болады немесе қандай да бір жоспарлары шығады», - дейді кәсіпкер.

Осыған байланысты Салтанат Киналбекова жекеменшік үй-жай сатып алуға бел буды.

Мақсатын жүзеге асыру үшін кәсіпкер «Fortebank» АҚ-ға жүгінді. Несиенің мөлшерлемесі 20,75%-ды құрады. «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкер сегіз пайызбен қарызын өтейді, айырмасын мемлекет субсидиялайды. «Даму» қоры кепілдік ұсынды.

Салтанат Киналбекова жаңа дүние үйренуді тоқтатпады. Қазір ол оқушыларға массаж жасауды өзі үйрете бастады.

Кез-келген бизнесте бәсекелестік бар. Бәсекелестік өте үлкен, барлық жерде spa салондары, массаж бөлмелері, көптеген мамандар бар, бірақ әр массажистке өз клиенті келеді. Әр клиент өз шеберіне үйренеді. Клиент орынды емес, кәсіпқойлықты таңдайды, кәсіпкер өз тәжірибесін бөліседі.

Бизнестің табысты болуы үшін сіз оқуды, дамуды және адамдарға қарапайым қарым-қатынасты тоқтатпауыңыз керек!

Мекен-Жайы: Павлодар қаласы, Қазақстан

Байланыс телефоны: +7 (701) 762 1959

Инстаграмдағы бет: saltanat_romashka