«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 2024 жылғы 5 ақпаннан бастап отандық кәсіпкерлерді қолдауға арналған жаңартылған кешенді бағдарламаны жүзеге асыруды бастайды. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» ШОБ-қа мемлекет тарапынан тиімді қолдау көрсетіп, экономиканың түрлі салаларындағы бәсекеге қабілетті әрі импорттың орнын басатын жобаларды дамыту үшін жасалды.
2024 жылғы қаңтарда «Даму» Қоры мемлекет басшысының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа кешенді тәсілдерді қалыптастыру қажеттігі жайлы тапсырмасына негізделген Даму стратегиясын ұсынған болатын.
Кешенді қолдау шаралары кәсіпкерлікті қолдауға арналған бұрынғы бағдарламаларды жетілдірді. Мәселен, жаңа тәсілдер аясында негізінен өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтегі жобалардың несиесін субсидиялауға басымдық беріледі. Мемлекет бюджетіне түсетін салмақты біртіндеп азайтуға көмектесетін және ШОБ-қа қаржыландырудың нарық механизмдеріне көшуіне мүмкіндік беретін сараланған әдіс пайдаланылатын болады. Мұндай жобалар бойынша алғашқы 3 жыл ішінде кәсіпкер несиесін 8%-бен, төртінші жылдан бастап 9%-бен, бесінші жылдан бастап 10%-бен төлейді.
Сонымен қатар, Бағдарлама экономиканы қаржыландырудың балама жолы ретінде қор нарығын дамытуды көздейді. Яғни, бағалы қағаздарға институционал және бөлшек сұранысты күшейту арқылы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жеке инвесторлардың капиталын тарту көзделген. Осылайша, облигациялар шығарылымының бір эмитентке деген жиынтық номинал құны 3 млрд теңгеден 5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, кәсіпкер үшін 5 жылға дейінгі мерзімге 6% түпкілікті мөлшерлеме белгіленді.
Сонымен қатар, купондық сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігін есептеу процесі қайта қаралды. Эмитенттерге қаржы бөлу бойынша борыш жүктемеcі айтарлықтай төмендеп, осы мемлекеттік қолдау құралы ыңғайлы бола түсіп, ШОБ субъектілерінің облигация шығару арқылы жобаларын қаржыландыруға деген ынтасы артады.
Сондай-ақ, Қор қаржылық қолдау шараларын кеңейтіп, субсидия құралынан кепілдік беру құралына қарай кезең-кезеңімен көшуге ниетті. Бұл жаңалық несиеге кепілдік беру аясын кеңейтеді. Қазір кепілдік берілетін несие сомасы 1 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге дейін көтеріліп, оның ішінде салалар тізбесі кеңейді. ШОБ қолдаудың кепілдік қоры экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтуға және кәсіпкерлерде ЕДБ сұратқан кепілзат жеткіліксіздігі қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
- Мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуда зор жұмыстар жүргізіп, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға ерекше назар аударуда. Осылайша, мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары осы саланы дамытуды экономикадағы басты мақсат етіп отыр. Өйткені ол тауарлар өндірісі мен көптеген жұмыс орындарымен қамтиды. Сондай-ақ, ол технологиялар мен инновациялардың дамуына ықпал етеді, экспортты арттырады және импорттың орнын басатын өнімдер шығуына әсер етеді, - деп атап өтті «Даму» Қорының Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева.
Бірыңғай кешенді бағдарлама алты бағыт бойынша қолдауды көздейді. Атап айтқанда:
микрокәсіпкерлік;
шағын және орта кәсіпкерлік;
өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік;
моно- және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік;
әлеуметтік кәсіпкерлік;
қор биржасы (KASE, АХҚО)
Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне де тиісті міндеттемелер енгізілді. Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды іріктеу үшін міндетті нақты критерийлер белгіленді. Мысалы, мемлекеттен қолдау алған кәсіпкер еңбекақы төлеу қоры мен салық аударымдарын арттыру керек.
«Даму» Қоры қаржылық қолдау құралдары іске қосылған сәттен бастап кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетіп келеді. Қор құрылған кезден бастап 200 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетті. Қабылданған ШОБ қолдау шараларының арқасында 2024 жылы да Қор экономикалық өсім мен кәсіпкерлікпен айналысуға ынталыларға қолайлы жағдай жасауға жәрдемдесу миссиясын жалғастыратын болады.
Бағдарлама бойынша субсидия немесе кепілдік алу үшін кәсіпкерлер online.damu.kz платформасы, egov.kz веб-порталы арқылы қашықтан немесе «Даму» Қорының өз өңіріндегі филиалына өтінім бере алады.