info@fund.kz +7 (800) 080 18 90 | 1408 Online Damu

Қостанай облысында «Даму» Қорының қолдауымен жел электр станциясы іске қосылды

Жаңалықтар
08.02.2024

1 ақпан күні Арқалық қаласына жұмыс сапары аясында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қуаты 48 МВт болатын жел электр станциясын іске қосу жөніндегі жаңа жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Станцияның негізі – ауа ағынының кинетикалық энергиясын электр энергиясына айналдыратын жел электр қондырғысы. 

Жобаны жасыл облигациялар және жасыл несие аясында «Даму» Қорынан сыйақы мөлшерлемесін купондық субсидиялау құралы бойынша қолдау алған KAZWIND Energy ЖШС жүзеге асыруда. 2023 жылдың 4-тоқсанында субсидия шартына қол қойылды, ал желтоқсан айында жоба іске қосылып, пайдалануға берілді. 

Жоба құны – 24 млрд 300 млн теңге. Кәсіпорында 22 тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазір биіктігі 110 метр болатын 10 жел электр станциясы орнатылып, 3 әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салынды. 

Жел электр станциясын іске қосу барша халықты сенімді, тұрақты және заманауи қуат көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жылына 117 135,5 тСО2 көлемінде парник газ шығарындыларын азайту есебінен қолайлы экологиялық жағдай жасайды. Осылайша, жобаны жүзеге асыру атмосфераға орасан зор мөлшердегі зиянды заттар шығуының алдын алып, Қазақстан Республикасының орнықты даму және жаңаратын энергетика саласындағы стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосады. 

Жасыл жобаларды купондық субсидиялау бойынша Қор қолдаған осындай жобалар саны - 3, оның ішінде 2 жоба Алматыда және 1 жоба Қостанай облысында жүзеге асырылып жатыр.