menu
Жабу

Әр үйдегі «Адал ас»

Жаңалықтар
19.04.2024

Ерлі-зайыпты Ермек Мезібаев пен Раушан Мұхажанова құрған «Адал ас» бренді бүгінде Абай облысы ғана емес, республиканың көп өңіріне танымал. 

«Адал ас» өндірістік компаниясының мақсаты – ұлттық тағамдар өндіру, ұлттық тағамның құндылығы мен құнарын, ерекшелігін насихаттау, өндіре отыра ұлттық өнім сапасын арттыру, экологиялық таза шикізаттан жасанды қоспасыз адал ас әзірлеу. 

Бизнес ашу жайлы идея 2008 жылы пайда болды. Отбасының меншігінде жер болғандықтан бидай егіп, қуырып, тартуға кірісті. Осы талқан – ұлттық ас өндірісінің бастауы болды. Талқан – көшпенділердің тағамы екені белгілі. Оның ұзақ уақыт сақтауға болатын, түрлі дәрумендер мен микроэлементтерге бай құрамы дала рационында ажырамас өнімге айналдырды. Одан кейін шығарған өнім – жент болды. Кейіннен өңірде алғашқылардың бірі болып ши бауырсақтар шығара бастады. Он жыл бұрын бұл тағам дүкен сөресіне шықпайтын, оны тек үйде әжелер ғана жасайтын. Қатты құрт пен сұйық құрт, глютенсіз печенье, бал торт, тәтті тоқаш, бәліш, шелпек, чак-чак, вафли, шоколадтағы құрма, қабатталған қамыр, нан және т.б. өнімдер де «Адал ас» ассортиментінде бар. Бауырсақ пен шелпек пісіруде ванилин, маргарин және басқа да қоспалардан бас тартты. 

2019 жылы құрал-жабдықтар сатып алу қажет болғанда компания «Қазақстан Халық Банкінен» «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында 6%-бен жеңіл несие алды. Дәл осы «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында цех сатып алу үшін биыл да бір қарыз мақұлданды. 

Компанияның алдағы жоспары – отандық тауарды әлемдік нарыққа шығару, халыққа бұдан да сапалы, бәсекеге қабілетті, экологиялық таза өнім ұсыну, ел игілігі үшін қызмет ету, әр үйге «Адал ас» жеткізу. 

Абай облысы, Семей қаласы, Клубная көшесі 1.

Инстагам: @adal_as_semey

Сайт: adalas-semey.kz