Шағын және орта бизнестегі жаңа жобалардың іске қосылуы ел экономикасы үшін өте маңызды және өңірлердің дамуына ықпал етеді. Осындай өндірістерді мемлекет тарапынан қолдау – отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, кәсіпкерлерге идеялары мен инновацияларын жүзеге асыруға көмектеседі.
2023 жылдың басынан бастап «Даму» Қорының қолдауымен «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 2006 жаңа жоба пайдалануға берілді. 592,7 млрд теңгеден астам қаражат құрылысқа, реконструкцияға, жаңғыртуға, жабдықтар сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға жұмсалды.
Негізінен жаңа жобалар азық-түлік, құрылыс материалдары, жиһаз және басқа да тауарлар өндіретін өңдеу өнеркәсібі секторында іске қосылды. Бұл жобалардың үлесі жалпы санның 25%-ын құрады. Содан кейін көлік және логистика (24%), білім (10%) және туризм (10%) салалары тұр.
Кәсіпкерлер салалық шектеулерсіз және ең төмен пайыздық мөлшерлемемен мемлекеттік қолдау ала алатын моноқалалар мен ауылдарда шағын және орта бизнес автоматты түрде дамиды. 2023 жылдың басынан бастап осы сегментте 602 жоба іске қосылды, оның 462-сі ауылдарда, 140-ы моноқалаларда.
Іске қосылған нысандардың көпшілігі Астана қаласында шоғырланған, онда 57,9 млрд теңге сомасына 210 жоба (10%) іске қосылған және Алматыда 66,5 млрд теңге сомасына 186 жоба (9%) іске асырылған. Сондай-ақ, көшбасшылар қатарында – Шымкент, Алматы және Ақтөбе облыстары тұр. Әр өңірдің үлесі 7%-ды құрайды.
Бизнес санаттары тұрғысынан қарастырсақ, мемлекеттік қолдау негізінен микробизнеске – 915 жоба (46%) және шағын бизнеске 787 жоба (39%) бағытталған. Орта және ірі бизнес жобаларының үлесі тиісінше 197 және 107 жобаны құрады (10% және 5%).
ШОБ қолдау – мемлекеттік бағдарламалар арқасында республикада импорт алмастыруға ықпал ете отырып, жаңа өндірістік желілерді, технологиялар мен өнімдерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасауда. Бұл әсіресе экономиканың тұрақтылығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету қажет жаһандық өзгерістер кезінде өзекті.
Мысалы, ШҚО-да бір мезетте 12 мың тонна өнім сақтай алатын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды өсіруге бағытталған астық кептіру кешені қаржыландырылды. 688 млн теңге несие кешен салуға және заманауи жабдықтар сатып алуға жұмсалды.
Шымкентте жалпақ күйдегі шыны өндіретін бірегей жоба іске қосылды. Жобаның құны 5,8 млрд теңгені құрайды. Зауыт еуропалық технологиялар бойынша шыны өңдеумен айналысады және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес өнімдер шығарады.
Солтүстік Қазақстан облысында сүтті қайта өңдеп, сүт өнімдерін шығаратын зауыт қаржыландырылды. Несие сомасы 4,4 млрд теңгені құрады. Қаражат инвестиция, атап айтқанда, өндіріске жабдық, негізгі құралдар, материалдық емес активтер сатып алуға, жабдық орнату және іске қосуға жұмсалды. Сүт өнімдерін өндіруді дамыту тамақ өнеркәсібі секторы үшін және халықты сапалы және пайдалы тағаммен қамтамасыз етуде маңызы зор.
Алматы облысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 26 млрд теңге сомасына бройлер ет өндіру бойынша бірегей айналмалы құс кешені қаржыландырылды. Өнімдер ҚР аумағында да сатылады, сондай-ақ шет елдерге экспортталады.
«Даму» Қоры шағын және орта бизнеске субсидия, кепілдік беріп, жеңілдікпен қаржыландыру арқылы қолдау көрсетуді жалғастыруда. Осы мақсатта кәсіпкерлердің несиеге қол жетімдігін арттыру үшін бизнес-процестерді автоматтандырды.
«Даму» Қоры қызмет көрсетіп келе жатқан барлық кезең ішінде Қазақстан бойынша 207 мыңнан астам жоба мемлекеттен қолдау алды. Несиелердің жалпы сомасы 12,5 трлн теңге. Іске қосылған жобалар 200 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді, 83 трлн теңгенің өнімі өндірілді, ал мемлекет бюджетіне 5,5 трлн теңге салық түсірді.