menu
Жабу

«Еңбек» бағдарламасы шағын кәсіп ашуға үлкен мүмкіндік береді

Жаңалықтар
26.02.2018

 

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шағын кәсіп ашам деушілерге үлкен мүмкіндік береді. Бұл – ақтөбелік кәсіпкер Радик Сұлтановтың пікірі. Инженер электрик болып көп жылдар бойы мұнай компаниясында жұмыс істеген Радик денсаулығына байланысты еңбектен қол үзді. 56 жастағы азаматқа жаңа жұмыс тауып, орналаса қою оңай емес еді.

Бір күні металл бұйымдар сататын дүкенге бас сұққан Радик дайын өнімдерге қарап тұрып, осының барлығын өзі де жасай алатынын түсінді. Осы ойға бекіген ол металл есік, терезе торы, қақпа жасайтын цехты өз ауласынан ашты.

Алғашында көрші-қолаң, туыстардан тапсырыс ала бастады. Жаз кезінде тапсырыстың көбейгені сонша - адам жалдап, түнге дейін бел жазбай жұмыс істеуге көшті. Темірден бұйым жасатқысы келетіндер көбеймесе азайған жоқ. Қажет материалды негізінен Алматыдан тапсырыспен мол етіп алдыратын. Себебі бұл өңірде метал иетін құрал-жабдық жоқ еді. Осындай құрал мен материал алуға қаржы керек.

-      «Алдымен «Даму» Қорына келдім. Ол жердегілер мені жылы қабақпен қарсы алып, кеңес беріп, мемлекеттің қай бағдарламасы ыңғайлы екенін түсіндірді. Құжат жинауға көмектесіп, ЕДБ-ке жіберді. Бір ай ішінде банк өтінімімді мақұлдады. Сөйтіп, мен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 6 пайызбен 2 млен теңгедей қаражатқа қол жеткіздім. Қажетті материалдар мен құбыр иетін құрал алдым. Соның арқасында жұмысымыз жеңілдеп, шығаратын өніміміздің сапасы артып шыға келді. Бұл – мен үшін өте маңызды», - дейді Радик Сұлтанов.

Қазір кәсіпкер болашаққа жоспар құрып, ауласындағы цехты кеңейтіп, ұсынатын өнім түрлерін де көбейтуді ойлап жүр.