26.04.2018
Ташимов Мирбол Алмұратұлы Семей қаласында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына алғаш рет 2015 жылы келген. Ол кезде кәсіпкер үш ай бойы өзі жалға алған 25 тонналық «SHACMAN» жүк көлігімен жұмыс істеп жүрген еді. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген Мирбол келісім-шарт бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы Ақ-Бастау кенішінен Қарағанды кен байыту фабрикасына жүк тасымалдайтын. Айналымдарының барлығы есеп қағаздарында тіркелген, әрі несие сомасының 21%-ын қолма-қол ақшалай бере алатын қауқары болды. Бірақ банк «БЖК-2020» бойынша несие бермеді. Стартапқа қаржы салуға ешкім де тәуекел етпеді.
Дегенмен, бір жылдан соң Мибол орталыққа қайта келді. Бұл кезде сол баяғы Ақбастау-КОФ бағыты бойынша жүк тасымалдау бойынша «Байбатыр Б» ЖШС-мен қолында келісім-шарты бар, табысы тіркелген тұрақты бизнес еді. Бірақ банк бұл жолы да тілегін қанағаттандырмады. Себебі кепілзаты талапқа сай емес болып шықты.
Бірақ Мирбол табандылық танытты. 2018 жылы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына үшінші рет келді. Бұл кезде көлікті жалдамалы маман жүргізетін. Көп жылдар бойы жалға алып келген «SHACMAN» автокөлігін бұл кезде сатып алып қойған, ал екінші деңгейлі банктен осы мақсатта жеке тұлға ретінде алған ақшасы өтелген. Қолында «Байбатыр лигистик» ЖШС-мен баяғы бағытта жүк тасымалдау бойынша келісім-шарты, «Семей» әуежайының құрылысында «Терезе» ЖШС-мен істелген жұмыс қорытындысы, «ГРК Электрум» ЖШС-мен қиыршық тас тасымалдауға келісім-шарты бар. Бұл жолы Мирболдың «бес қаруы бойында» еді.
Мирбол мен КҚКО консультанты жобаны «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» аясында өткізбек болды. Ең қызығы, осы уақытқа дейін Мирбол бір ғана консультантқа келіп жүреді екен. Орталықта бизнес-жоспарлау бойынша маман болып істеп жүргенде ол Мирболға бизнес жоспар жасап берген. Олар бірнеше банктерді аралап, ақырында кепілзаты тек «Еуразиялық банктің» ғана талабына сай келді. Құжаттарды бір апта ішінде жинап, бизнес жоспарын тез жаңартып, кепілдікті бағалатты. Айта кететін жайт, Мирбол қарыздың 60% ғана қамтамасыз ете алды. «Бұл проблема емес», - деді кеңесшісі.
Нәтижесінде жылына 6%-бен 9 200 мың теңге несие 3 700 мың теңге кепілдікпен 2018 жылдың наурыз айында мақұлданылып, қолына тиді. Биылғы жылдың сәуір айында Мирбол жобаға өз қаржысын сала отырып, жүк көлігі қызметін көрсету үшін екінші «SHACMAN» автокөлігін сатып алды. Қазір жалдамалы жүргізуші клиенттің бірінші көлігінде жұмыс істейді, ал Мирбол қайтадан жұмысқа жаңа көлікпен қайта оралды.