Ақ мол болсын!
Қазақтың осы тілегінің жалғасындай болып Ақтөбе облысында сүт өнімдерінің жаңа бренді шықты.
«Мәртөк ауылы» деген атаумен шығатын сүт пюр-пак қатты қорапшасында болады. Яғни Мәртөк өнімдерінің сапасы жоғары, заманауи технологиямен қапталатындықтан, сақтау мерзімі де ұзарады. Ал табиғилығына дау жоқ. Себебі ауданда екі сүт қабылдау пункті іске қосылған. Оған қоса қожалықтардан да ақ жиналады. «Ұлттық табиғи өнім» ӘКК–мен серіктестік те жолға қойылған.
Жоба «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, «Даму» қорының қолдауымен және «Цеснабанк» арқылы жүзеге асып отыр.
Әзірге сүт, айран, қаймақ шығып жатыр. Әрі қарай азық түрлері көбейеді. Тұзды ірімшік, майлы ірімшік, жаңа қорапшадағы сары май, йогурт, сүтті-қышқыл газдалған сусындардың дәмін тататын күн де алыс емес.